Осы сауалдың аясында өткен аптада «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында «Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай келер жылы Батыс Қазақстан облысында қандай шаралар ұйымдастыруға болады?» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті.
«Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин төрағалық еткен шарада аталған тақырыпта тарихшы-ғалымдар, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, тарих және археология орталығының өкілдері өзара бас қосып, ой бөлісті.
Жантас САФУЛЛИН, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры:
— Биыл атап өтілер Ә. Бөкейхановтың 150 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен келер жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы еліміз үшін үлкен саяси-тарихи маңызы бар атаулы даталар екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан мерейтойларға қатысты алдағы уақытта ұйым-дастырылатын барлық жұмыстар мен шараларды жүйелі түрде, кезең-кезеңімен өткізуді қазірден бастап қолға алып, іске кірісуіміз керек.
Біз өз тарапымыздан 1919 жылы шыққан «Дұрыстық жолы» газетін түгел аударып, кітап қылып шығаруды қолға алдық. Баспаға жіберуге дайындап, жақын күндері бұл еңбек те қолымызға тиеді деп күтіп отырмыз. Осы кезге дейін облысымыздың баспасөз тарихына қатысты «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия» газеттерінің, «Қазақ дұрыстығы» газетінің табылған сандарын кітап етіп шығарып үлгердік. Мұның өзі қазақ баспасөз тарихына қосылған сүбелі үлес деп есептеймін. Ендігі мәселе — осылардың бәрін тарихи айналымға енгізу. Бұдан бөлек құлпытастардың тарихы бойынша да жұмыстар жалғасуда. Елге жанашыр азаматтардың арқасында құлпытастар тарихын зерттеу ісі бірізділеніп, жүйеленіп келеді.
Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА, Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қорының төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:
— Зашаған кентінде бұдан бұрын елу шақты Алаш қайраткерлерінің атына көше аттары берілді. Бірақ олардың аты бар да, сұрқы жоқ, ұсқынсыз көшелерге айналып кетті. Алдағы тазалық айлықтарында аталмыш көшелерде студенттер мен жастар жұмылып, күл-қоқыстан тазартылып, көшеттер отырғызылса;
— Өткен жылы қала әкімі болған Алтай Сейдірұлы Зашаған ауданындағы М. Мөңкеұлы көшесі бойынан Алаш қайраткерлеріне арналған аллея салу үшін жер бөлген болатын. Бұл жерге жоба бойынша ескерткіш орнатылып, субұрқақтар салынып, жалпы көпшілік халық демалатын орынға айналдыру көзделген. Осы жобаның құрылысы биыл басталса, келер жылы 100 жылдыққа керемет тарту болар еді;
— Әлиханның мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін 150 жылдығына орай жаңашыл форматта облыстық жастар форумын өткізуді жоспарлау керек.
— Алдағы жаз айларында тарихқа жанашыр қоғамдық қор өкілдерімен бірлесіп, Сырым ауданына экспедиция жасақтауды жоспарладық. Мақсатымыз — деректер бойынша ауданның Қарақұдық деген жерінде жер астына көмілген Жаһаншаның көлігіне іздеу жұмыстарын жүргізу. Ауыздан-ауызға тараған әңгімеге сүйенсек, ғалымдардың қызығушылығын тудырып жүрген автокөлік шеген құдықтың жанына көмілген. Бірақ оған қалай бару керек, қалай табу керектігі әзірге белгісіз, күні бүгінге дейін бұл туралы ешкім жазбаған.
Жантас САФУЛЛИН:
— Былтыр Алматыға іссапар барысында «Қазкартография» мекемесінен ескі карталарды сатып алып, өзімізбен ала келдік. Картада ескі қорымдар мен қазіргі карта бетінен мүлде жойылып кеткен байырғы елді мекендерді табуға болады. Бәлкім, көліктің табылып қалуына мұның да бір септігі тиіп қалар.
Нұрлан СӘДІР, облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
— Көлікті іздеген кезде оның да өзіндік әдістеріне сүйенген жөн. Ірі нысандарды спутник арқылы да іздеуге болады, алайда оның құны біраз қымбатқа соғуы мүмкін. Екіншіден, темір нысандарды іздеудің әскери тәсілдері бар. Бұл туралы арнайы әскери бөлімдерден алдын ала сұрастырса, артық болмас. Үшіншіден, менің жеке пікірім – көлікті іздеудің, оны табудың қандай пайдасы бар деген ой келеді? Оның заты темір, қанша жерден майлап-сайласақ та, оның қаңқасын ғана шығарамыз. Егер көліктің ішінде бірге көмілген құнды құжаттар болса, мұрағат материалдары сақтаулы жатса, бөлек әңгіме. Бәлкім, машина дегені – сандық шығар. Алашорда үкіметінің мұрағаттық материалдары, түпнұсқа құжаттары күні бүгінге жетті ме? Болмаса, қайда кетті? Әйтпесе, алашордашылар дүниенің соңына түсіп, күні ертең-ақ атыларын біле тұрып, байлық қуып көмбегені айдан анық.
Бұл туралы тарихшылар не дейді, қандай деректерге сүйенеді?
Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА:
— Мәскеудегі мұрағаттан алынған Жаһаншаның тергеу қағазында жазылған мынадай әдемі сөздер бар «…менің бүгінгі күнім маған ғана белгілі, бірақ мен ертеңіме сенімдімін. Өйткені адам өлуі мүмкін, бірақ ісі өлмейді. Біз өлмейміз, біздің артымызда жастар бар» делінген. Ату жазасы алдында бұл сөзді соншалықты сенімділікпен айтуына қарағанда, құжаттар көлікте сақтаулы дегенге сенемін.
Жәнібек ИСМУРЗИН, тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:
— 1916 жылғы қозғалыстың Батыс Қазақстан облысындағы тарихы түгел зерттеліп болған жоқ. Сондықтан ұлт-азаттық көтеріліс турасында жергілікті баспасөз беттеріне материалдарды барынша көптеп шығаруымыз керек. Айталық, 1926, 1936 жылғы газеттерде осы оқиғаға бірнеше айқарма беттер арналған. Біз қалай десек те, өткен тарихымыздың жағымды-жағымсыз тұстарына түсіністікпен қарап, тарихи оқиғаларын объективті түрде бағалауымыз қажет.
Екінші мәселе, ұлт зиялыларының жинақтары шықпай жатыр. Егер мүмкіндік болып жатса, осы іс қолға алынса деген тілек бар.
Жантас САФУЛЛИН:
— Ұлт-азаттық қозғалысқа, Алаштың 100 жылдығына байланысты жинақ шығару үшін тарихи айналымға еніп жатқан құнды тарихи деректерді, бұрын еш жерде жария болмаған тың ақпараттарды таба аламыз ба?
Альфия БАЙБОЛСЫНОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы:
— Соңғы жылдары Алаш қозғалысы тақырыбында студенттеріммен бірге біраз ізденіс жұмыстарымен айналысып келеміз. Өлкемізге еңбегі сіңген, Алашорданың құрамында болған қайраткер Мәжит Шомбалов жөнінде де мұрағаттан материалдар тауып, ғылыми жұмысымызды бастап кеттік. Соны еш жерге жарияламай, «Dana kaz» журналына жаңалық болсын деп берген едік.
Осы жақында студенттермен бірігіп, «Мәжит Шомбалов — қайраткер» және «Шахзада Шонанова – қазақтан атылған жалғыз қыз» деген тақырыпта мұрағат материалдары негізінде ғылыми жұмыс дайындап, студенттердің республикалық ғылыми жұмысының байқауына жіберген едік. Жақында Астана қаласынан байқау комиссиясының бір өкілі Шонанова туралы материалдарды сұрап, қоңырау шалды. Соған қарағанда, өзге өңірден де біздің өлкенің тарихына қызығушылық танытып жатқандар бар. Облысымызда Шахзада Шонановаға қатысты тек БҚМУ-дың география факультетінің ғимараты жанында осы оқу орнында оқығандығы жөнінде ғана шағын тақтайша бар. Өкінішке орай, бұған дейін Дәметкен Сүлейменова апамыз құзырлы мекемелерге хабарласып, қаламыздағы №1 мектепке атын беру туралы да бірнеше мәрте ұсыныспен шыққан еді, аяқсыз қалды. Көше атауын беру туралы мәселе де орындалған жоқ. Мүмкін болса, осы істерді жандандырсақ деген ұсынысым бар.
Бақтылы БОРАНБАЕВА, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы:
— Алаштың басшы қайраткерлері жөнінде мәселе күні бүгінге дейін өз деңгейінде аталып өтілген жоқ. Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлерінің өмірі зерттеліп, жарияланып жатыр дегенімізбен, оны қалай ұлттық идеологияға айналдыра аламыз деген сұрақ көбірек ойландырады.
Қала көшелерінде, аялдамаларда баннерлер мен билбордтарда Алаш қайраткерлерінің суреттері ілініп, олардың даналық сөздері жазылса, жастарға нағыз патриоттық рух сыйлар еді.
Рысты КАЖУШЕВА, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі:
Қордағы сан мыңдаған экспонаттар шаң басып, қараңғыда жатыр. Облыстық өлкетану музейінде орын өте тар болғандықтан, кейбір көрмелерімізді жертөледе өткізуге мәжбүрміз. Музейдің мүмкіндігі көп болғанымен, көрме залдарының жетіспеуі қол байлайды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Dana kaz» журналының бас редакторы:
— Облысымыздағы музей ісін жүйелендіру керек. Алаш музейі Оралға да керек-ақ. Оған жәдігерлер де, материалдар да толық жетеді. Екіншіден, баспасөз тарихына арналған арнайы музей салынса екен. Яғни барлық батыс аймаққа ортақ қазақ баспасөзінің музейіне сұраныс – заман талабы деп ойлаймын.
Осылайша басқосуға жиналғандар пікірлерін ортаға салып, Алаш тойын абыроймен атқаруға жұмылу керектігін алға тартты. Жантас Набиоллаұлы айтылған ұсыныс-тілектердің жауапты мекемелерге жететіндігін айтып, жиынды түйіндеді.
Жалпы, осы жиынға қатысушылардың бәрі де біздің облысқа қазіргі заманғы талап-талғамға лайық музей кешені керек деген пікірді тегіс құптады.
Ләззат ШАҒАТАЙ