Кітап болып оралған «Дұрыстық жолы»

Жақында «Жайық Пресс» ЖШС-ның баспасөз орталығында мәні зор рухани шара өтті. Ол – жаңадан жарық көрген «Дұрыстық жолы» газеті. 1919» кітабының жария таныстырылымы. Алқалы басқосуға ғалымдар, мемлекеттік мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

«Жайық Пресс» жанындағы өңіріміздегі баспасөз тарихын зерттеу орталығы біраз жылдан бері жемісті еңбек етіп, «Орал өңірі» газетінің тарихына тікелей қатысты жинақтар шығарып келеді. Бұған дейін 1911-1913 жылдары шыққан «Қазақстан», 1917-1918 жылдары жарық көрген «Ұран», 1918-1919 жылдары жарияланған «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы – Киргизская правда» газеттерінің тігіндісі отандық, шетелдік мұрағаттардан іздестіріліп табылып, аталмыш рухани мұра араб әрпінен қазіргі кириллицаға аударылып, сол басылымдарға тікелей қатысы бар тұлғалар туралы деректермен толықтырылып, жинақ ретінде оқырман қауымға ұсынылған. Енді, міне, жақында «Дұрыстық жолы» газеті. 1919» атты кезекті жинақ облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысөзімен жарыққа шықты. Кітап ғылыми-танымдық жинақ болып табылады. Құрастырып, алғысөзін жазған – Қазбек Құттымұратұлы. Газет мәтінін төте жазудан аударып оқыған – Ерсайын Мергенбаев. Тамимдар Сафиевтің араб әрпіндегі қолжазбасын аударып оқыған – Гүлмару Мырзағалиева.

Таныстырылым рәсімін Жантас Сафуллин ашты.

— Құрметті қонақтар мен әріптестер! Бәріңізді алдағы Баспасөз күні мерекесімен құттықтаймын! Осы шара кәсіптік мерекеге орай және соның қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жинақ арқылы екі дәуір бір-бірімен қауышып тұрғандай. Әрі «Дұрыстық жолы» – бүгінгі «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған басылым. Осыдан үш жыл бұрын біз Мәскеуге барып, өткен ғасырдың басында жарық көрген ұлттық басылымдардың көшірмесін тапқанымызға қатты қуандық. Сонда «олжамызды» бір жылға жетер рухани азық деп болжасақ, ол кейін үш жылға дейін жетті. Біздің мақсатымыз тек көне газеттерді табу ғана емес, соларды өмірге әкелген талай тамаша тұлғаларды анықтап, ел назарына ұсыну еді. Әрі тұлғалардың жарқын істерін жария етіп, Отанына таныту біз үшін парыз да болатын. Соны өтегенімізге көңіліміз көншиді. Осында отырған құрметті қонақтар да бізге бөтен емес. Демек, оларды да туған ел шежіресі ойлантады, тебірентеді деп түсінеміз, — деді Жантас Нәбиоллаұлы. Ол кітап шығарушыларға, әсіресе, оның құрастырылуына зор еңбек сіңірген Қ. Құттымұратұлына алғыс айтты.

Одан әрі жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов пен облыстық мұрағаттың директоры Айжан Сауғабаеваға ұсынылды. Әрі қарай жиналғандар назарына 2013 жылы Мәскеу қаласында деректерді іздеп табу жөнінде түсірілген бейнетаспа көрсетілді.

— Сіздер тәуелсіз елдің шежіресін жазып жатырсыздар. Талай «Елім, жерім» деп еңіреген аяулы азаматтардың есімдерін жалғанның жарығына шығарғаныңыз үлгі-өнеге етуге лайық. Мәселен, Ғұмар Қараш ағамызды алсақ. Ол кезінде қазақтың талай сөзін тиесілі орнында пайдаланған. Мысалы, тек «дұрыстық» сөзін соңына адамның иманы мен жоғары парасатын бейнелейтін термин етіп қалдырды. Енді алдыңғы жинақтарыңыз сияқты осы кітапты әрі қарай әркім түрлі тақырыпқа жіктеп, құнды еңбектер жазса, қандай жақсы! Яғни Ғұмар Қараштың екінші рухани өмірі жалғасын табар еді. Шараны ұйымдастыруыңыз дұрыс. Осы арқылы атпал азаматтардың барын көзіміз көрді. Кітаптың шыққанына қуанып отырмын, — деді құрметті қонақ Дәулеткерей Құсайынов.

— Осы қуанышты оқиғамен бәріңізді құттықтаймын. Бес газеттің әрбіреуін кітап етіп шығару – қиын да күрделі іс. Әрине, бәрін тек өзіміз атқардық деуден аулақпын. Сол санаулы жылдар ішінде бізге жан-тәнімен көмектескен ғалымдар мен өлкетанушыларға, өзге де жанашыр жандарға айтар алғысым шексіз. Әсіресе, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық мұрағат ұжымына, соның ішінде М. Мырзағалиева және басқасына ерекше ризамын. Тарихи құжаттарды араб әрпінен кириллицаға аударған Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені-нің қызметкері Гүлмару Мырзағалиеваның ерен еңбегі тек мақтауға лайық, — деді өңірдегі баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Құттымұратұлы.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров жылдар бойы көз майын тамызып еңбектенген зерттеушілерге, жалпы «Жайық Пресс» ұжымына осы елеулі еңбек үшін алғыс айтса, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарихшысы, ғылым кандидаты Жәнібек Исмурзин «Газет – халықтың көзі мен құлағы» деген Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөзін тілге тиек ете отырып, қазақтың баспасөз тарихы туралы ғылыми еңбек жазған ғалымдардың атын атап шықты. Сонымен қатар белгілі тарихи кезеңдегі баспасөздің басқа құжаттармен қатар, нағыз төл дерек екенін де атап өтті. Олай болса, жаңа кітап, қай жағынан алғанда да, өте құнды еңбек. Ал БҚТИУ-дың педагогика факультеті тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменов тұсаукесердің қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келгенін көрсетіп, тың туындыға ұзақ «ғұмыр» тіледі және кітап шығарғандарды жемісті еңбегімен құттықтады. Сонымен бірге облыстық білім басқармасыман келісе отырып, өңір мектептерінде өлкетану тарихының факультативті сабақ ретінде оқытылуы жайындағы ұсынысын да білдірді. Қайтадан сөз алған Жантас Сафуллин жаңа кітапқа Астанадағы Түркі академиясының қызығушылық танытқанын айта келіп, жаңа ғылыми еңбекті зерттеуге ықылас байқатқанын көрсете кетті. Академия ғалымдарының пікірінше, осы кітапта тек қана қазақ емес, өзге де түркі ұлттарына қатысты дерек бар екен. Қазір «Ұран» газеті ғылыми зерттеу нысанына айналған. Келешекте «Дұрыстық жолы.

1919» кітабының Астана және Алматы қалаларында таныстырылымы өтуі тиіс.

Алқалы басқосуда Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Р. Исатаева мен облыстық мемлекеттік мұрағаттың басшысы А. Сауғабаева өздерінің атына айтылған лебізге ризалық сезімдерін айтты және қашанда ынтымақты еңбекке әзір екендерін жеткізді. Облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллиннің пайымдауынша, баспасөз тарихын зерттеу тек басылыммен шектелмейді. Өйткені сол басылым арқылы ғалым да, жәй оқырман да сол дәуірдің тыныс-тіршілігін сезініп, көз алдына келгендей сезімге бөленеді. Сондықтан аталмыш кітап халықтың рухани азығына айналсын! Басқосуда сонымен қатар Г. Мырзағалиева, «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Ж. Тоқтарова ой-пікірлерімен бөлісті. Шара соңында «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Ж. Сафуллин кітапты шығаруға белсене қатысқандарға сияпат көрсетті.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Ғарифолла ӘНЕС,

«Арыс» баспасының директоры, Алматы қаласы:

— Жаңа кітап, далалық, әсіресе, Батыс өлкесі туралы тарихнама. Алғашқы қазақ баспасөзінің қарлығаштары жөніндегі құнды еңбек. Тіпті өткен ғасырдың басындағы түркі ұлттары, қала берді қазақ, соның ішінде Бөкей ордасының шындығы болып табылады. Бөкей ордасының қазақ тарихындағы орны ерекше ғой. Сонау 1911 жылы «Қазақстан» атауын саяси-тарихи айналымға енгізу де ерлік. «Дұрыстық жолы. 1919» кітабы – қазақтың журналистикасы тарихындағы үлкен жаңалық. Өйткені өткен ғасырдың басындағы ұлттық  баспасөз жайындағы дерек өте аз. Көбі сақталмаған.

Мейрамхан ЖӘПЕК,

қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, Астана қаласы:

— Бұл – «Жайық Пресс» ұжымының ерен еңбегі. Олар өңір баспасөзінің тарихи шежіресін ашып, халыққа жеткізді. Қазақ баспасөзінің жалпы тарихына қосылған үлкен үлес іспеттес. Сондықтан Батыстағы бауырларыма ризамын. «Елім, жерім, Алашым» деп өмірден өткен Ғұмар Қараш сынды ардақты жандардың еңбегін шынайы көрсетті. Екі құрлық түйіскен Жайық өңіріндегі шекара, жер, ұлт азаттығы және басқа мәселелер газетте кеңінен қамтылған. Баяғыда көміліп қалған құнды деректің басын қосып, жинау – елдікке  сын. Міне, осы тұрғыдан алғанда, кітап шығарушылар сын тезінен өткен.

Светлана СМАҒҰЛОВА

Scroll to Top