Метіркелік мәліметтер зерттелмек

Өңір өлкетанушылары бұрын зерттелмеген тың тақырыпты қолға алып, ХІХ ғасырдың басында қазақ даласындағы мешіттерде жүргізілген тіркеу құжаттарын (метірке) зерттеуге кірісті. Бұл туралы сейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде мәлім болды.

Медиахолдинг басшысы Жантас Сафуллиннің айтуынша, өңір өлкетанушыларының Башқұртстанның астанасы Уфа қаласындағы Ұлттық архивтегі сақталған тіркеу кітаптарының көшірмелеріне қол жеткізуі тың жаңалықтың бетін ашуға мүмкіндік берген. Аталмыш құжаттарды Алматы қаласының қазіргі тұрғыны (Атырау қаласының тумасы) Ескендір Төремұратов өз ата-тегін іздеу мақсатында жинаған. Кейін Батыс Қазақстандағы құлпытастарды зерттеуді қолға алған «Жайық Пресс» басшылығына өз еркімен табыс етті. Ал 1865 жылы Бөкейлікте мешіт имамы жүргізген метірке құжаттарын араб қарпінен қазақ тіліне аудару жұмыстарымен Сайфулла Моллақанағатұлы айналысуда.

Аударылған нұсқадан аңғарғанымыздай, мешіт имамы жүргізген тіркеу кітабы адамдардың туу деректерін, некелесу, ажырасу ісі және қайтыс болғандарды тіркейтін арнайы төрт журналдан тұрады. Айталық, туу фактілерін тіркеу журналында нәрестенің аты мен жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөндері, рулары, мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған. Қайтыс болуды тіркеу журналында марқұмның дүниеден өткен уақыты мен қандай аурудан қайтыс болғандығы, жерленген жері, тіркеген имамның аты-жөні туралы деректер енгізілген. Некелесушілердің неке қию журналында да жас жұбайлардың аты-жөні, екі жақтың туыстарының тектері, куәгерлердің кім екендігі, тіпті берілген қалың малдың мөлшері мен несиеге қалған малдың мөлшеріне дейін нақты көрсетіліп тіркелген. Талақ тастау (ажырасу) журналында да дәл осындай мәліметтер көрсетіліп, талақ етудің басты себептері көрініс тапқан.

Басқосуда алдымен сөз алған Жантас Набиоллаұлы метірке кітабын аудару, оны зерттеудің маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

– Метіркелік кітаптар – өлке тарихында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырып. Бұл жазбалардан біз тіркеу кітабының қазіргі замандағы АХАЖ (ЗАГС), нотариус, халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) қызметін бір өзі атқарғанын көреміз. Тіркеу кітабы сол кезеңдегі қазақтардың арасындағы туыстық және мүліктік қарым-қатынастарды реттеп, қағаз бетіне түсіріп отырған. Яғни осы кезге дейін әр жерде айтылып жүрген «қазақтар надан, жазу-сызуы болмаған» деген жаңсақ пікірлерді теріске шығарып отыр. Бұл кітаптардың біздің қолымызға тиюіне жергілікті өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың үлесі зор болғандығын айтқым келеді. Ендігі алдымызда тұрған басты міндет – метіркедегі мәліметтерді маңыздылығына қарай жүйелеп, тыңғылықты, тереңдетіп зерттеу, – деген медиахолдинг басшысы тағы да тың деректің табылғандығын жеткізді. – Бүгінде біздің қолымызда 1905 жылы батыс өңірдегі қазақ зиялыларының мешіттердегі метіркені тоқтатпау жөнінде Санкт-Петерборға жазған хаттарының көшірмелері де бар. Бұл мешіттердегі осы жұмыстарға байланысты патша үкіметінің тарапынан қысым болғандығын көрсетеді. Хаттарды облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай дайындық барысында газет тігінділерін мұрағаттардан іздеп, Алматыға барған сапарымызда тапқан болатынбыз. Соған қарағанда, патша үкіметі қазақ ұлтының қалыптасқан мықты жүйесі бар, өзінің шығу тегін жақсы білетіндігін, оған осы құжаттың дәлел болатындығын көз жеткізген соң, тіркеу жүргізуді күшпен тоқтатқан болу керек, – деген Жантас Сафуллин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласындағы өлке тарихын зерттеп-зерделеуге шақырған ұстанымдарына осы жұмыстар толық негіз болатынын алға тартты. Өйткені сананы жаңғырту мәселесінде, ең алдымен, мәліметдерек керек. Тарихымыз түгенделмей, рухани тұрғыда жаңғыру мүмкін емес. Сонымен қатар тіркеу кітабы әр адамның түп ата-тегі мен шежіресін, сол кездегі өңірдегі әлеуметтік-саяси, діни ахуалды толық тануға мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин отандық тарихнамада қазақ даласындағы метіркелік кітаптар толық әрі кешенді зерттелмеген ақтаңдақ беттердің бірі екендігіне баса мән берді.

– Метіркенің шығуының өзі ХVІІІ ғасырда Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатымен де тығыз байланысты. 1788 жылы Уфада Орынбор мүфтияты құрылды. Сол кезде метіркелік кітаптар Ресейде де христиандық шіркеулерде тіркеліп отырғаны белгілі. Ал құжаттағы мәліметтер араб қарпінде жазылған. Қазіргі кезде Уфадағы орталық архивтің 295-қорында Орынбор діни басқармасының 71 мыңнан астам құжаты жинақталған, жиырмадан астам тізбесі бар. Соның ішінде Бөкей ордасына қатысты құжаттар өте көп (ХІХ ғасырдың аяғындағы Бөкей ордасы бес қисым, екі округке бөлінді) сақталған. Сол кездегі мешіт-медреселердегі имам, ишан, ахундар туралы, заманында батыр-би болған тұлғалар туралы толық дерек бар. Бұл бөкейліктегі тұлғалар тарихын толықтыруға үлкен ықпал етеді. Егер оларды асықпай зерттесе, өлкемізге қатысты, туған жерді тануда әлі де тың деректер табылатыны сөзсіз. Сондықтан метіркелік кітаптарды зерттеу қолға алынса, өзге архивтік деректерді де зерттеуді бірге жүргізу қажет. Бұл жұмыстар Ресейде жүйелі жолға қойылған, – дейді тарихшы ғалым.

Ал БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов метіркелік кітаптардың зерттелуі сол кездегі халықтың саны мен әлеуметтік жағдайын, тарихи демографияны одан әрі жетілдіре түсуге септігін тигізетінін атап өтті. Бұдан кейін белгілі алаштанушы, тарих ғы-лымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова метіркелерді зерттеуді Алашорда тарихын және баспасөз тарихын зерттеуден бөліп қарауға болмайтынын, осы бағыттағы жұмыстардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, бір-лесе жүргізу қажеттігін айтты.

Жиын соңында шараға қатысушылар аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін музей жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы облыс басшысына ұсыныс хат жолдауға шешім қабылдады.

Ләззат  ШАҒАТАЙ,
«Орал өңірі»

Scroll to Top