Өткен ғасырдағы талай нәубет қазақ тарихында қанды ізін қалдырды. 1937-38 жылдардағы зұлматта біздің облыстан мыңнан астам адамның тағдыры оққа байланды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың арасында журналистер де бар. Олардың тағдырына қатысты ақтаңдақтар тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұл жайында сейсенбіде «Жайық Пресс» медиахолдингінің ғимаратында өткен еске алу шарасында айтылды. Сол күні тоталитарлық саясат салдарынан құрбан болған журналистердің азалы түспен әдіптелген фотолары қабырғаға ілініп, мұрағат құжаттары көрмеге қойылды.
– «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына орай бірнеше жыл бұрын газет тарихына қатысты тың зерттеулер жүргізіле бастады. Оған «Жайық Пресс» ЖШС жанындағы баспасөз тарихын зерттеу орталығының ұжымы зор үлес қосты. Бұрын «Қызыл ту», «Екпінді құрылыс» атауларымен жарық көрген «Орал өңірі» газеті редакциясында жауапты қызмет атқарған, редактор болған Нұғман Манаев, Ахмет Мамытұлы, Шайхы Жантілеуов, Сәтбек Иманқұлов аласапыран кезеңде ату жазасына кесілді. Ал Батырбек Әлжанов 1938 жылы 17 сәуірде 10 жылға сотталып, 1940 жылдың 9 желтоқсанында Севостлаг НКВД-ның лагерінде қайтыс болды. «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» журналын шығаруға атсалысқан Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев репрессияға дейін қысым көріп, ерте көз жұмса да, олардың еңбектерін оқуға Кеңес үкіметі кезінде қатаң тыйым салынды. Сол кезеңде газет қызметкерлері басынан кешірген қиындықты танып білу, ұрпаққа таныту өте маңызды. Өткенімізді білмей, болашағымызды бағдарлай алмаймыз. Баспасөз тарихына зерттеу барысында тың деректер кездестірдік. Мысалы, «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған Тамамдар Сафиев, Халел Есенбаев, Әбдірахман Байділдиндердің рес-публикалық «Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы редакторлары болғанын анықтадық, – деді «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин. Шарада Зеленов ауданына қарасты Асан ауылындағы мешіттің бас имамы, белгілі өлкетанушы Мұратбек Жахатов саяси қуғын-сүргін құрбандар рухына Құран бағыштады.
– Сол кезеңде идеологиялық майдан газет-журнал арқылы жүргізілгенін архив құжаттары айқындайды. Тар жол, тайғақ кешуде қаза тапқан қалам иелерінің суреттері тұңғыш рет толық басы-лып, қолымызға топтастырып отырмыз. Олар жайында деректерді тірнектеп жинап, фотосуреттерін табу оңай болмады. Бұл – «Орал өңірі» газетінің 100 жылдығына байланысты еңбегіміздің елеулі жемісі, – деді баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Қабжанов. Басқосуда «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Есенжол Қыстаубаев 1938 жылы ату жазасына кесілген «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы Сәтбек Иманқұлов туралы деректер ұшығын қалай тапқанын әңгімеледі.
– «Қызыл ту» газетінің 1922 жылғы сандарын оқып отырсақ, ашаршылыққа қатысты қолға алынып жатқан шаралар туралы арнайы айдар ашылып, редакция ұжымы өңірдегі шынайы жағдайды астарлап болса да, жеткізуге тырысқан. Шетелден келетін азық-түлік қорын көршілес башқұрт, татар, одан әрмен Еділ бойындағы халықтар қалай алып жатқанын жаза келіп, көзі ашық, көкірегі ояу, ауқатты адамдарды таршылық көргендерге жәрдемдесуге шақырады. Қилы кезеңде қазақ басылымдары азаматтық үн таныта білген. Нәубет жылдарында сұраусыз кеткен тағдыр иелері, құпия күйінде қалған зұлмат іздері өте көп. Сондықтан зерттеу жұмыстарын тереңірек жүргізген жөн. Әр сала мамандары нәубет құрбандарын зерттесе, тарихи деректер жан-жақты толыға түсер еді, – деді тарих магистрі, шығыстанушы ғалым, «Қызыл ту» газетінің қарпін кириллицаға аударған Сайпулла Моллақанағатұлы. Еске алу шарасында баспасөз тарихын зерттеу орталығының маманы Динара Есеналина көрмедегі фотоларды таныстырып, оларға қатысты деректерді баяндады.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
«Орал өңірі»