Қос газетке – 100 жыл

Өткен  жұмада  «Жайық  Пресс»  медиахолдингінде   облыстық «Орал  өңірі»  және  «Приуралье»  газеттерінің  ғасырлық  мерейтойына  арналған  салтанатты  шара  өтті.

Басқосуда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның  бас директоры Жантас Сафуллин қос газеттің ардагерлері мен ұжымын құттықтап, басылым тарихынан сыр шертті.

– 100 жылдыққа дайындық кезінде баспасөз тарихы зерттеліп, тың деректер анықталды. Қолда бар газет көшірмелерінен белгілі болғанындай, «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Әзірге тоғыз нөмірі табылды. Осылайша, облыстық қос газеттің ізашары «Ұранның» 1917 жылы 28 шілдеде Ордада алғашқы саны шыққаны белгілі болды. 2014 жылы бар тапқан нөмірлер кириллицаға аударылып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектер, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалалары және «Ұран» туралы жазылған материалдары топтастырылып, «Ұран» газеті 1917-1918» кітабы шығарылды «Ұраннан» бөлек «Известия-Хабар», «Киргизская правда» – «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. «Жайық Пресс» ғимаратында баспасөз музейі жасақталып, жүз жылдық тігінді жасақталды. Бұл ұжымның газеттің ғасырлық мерейтойға қосқан үлесі болмақ, – деді Жантас Набиоллаұлы.

Қос газеттің ғасырлық мерейтойына редакция ардагерлері Ғилаж Наурзин, Мәжит Қайырғалиев, Құбаш Қажымов, Амантай Боранқұл, Амангелді Ақмурзин, Энгельс Шыңғалиев  арнайы келіп, ақжарма тілектерін арнады. Сондай-ақ басылымдардың тарихына арналған деректі фильм көрсетілді. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйықоваға, баспасөз тарихын зерттеу орталығы басшысы Қазбек Құттымұратұлына алғысхаттар табысталды.

Шара барысында айтылған ізгі тілектерден соң қонақтарға ақ дастарқаннан  дәм ұсынылды.

Қаперлеріңізге сала кетсек, облыстық басылымдардың 100 жылдығына арналған негізгі салтанатты  шаралар қыркүйек  айында өтпек.

Өз   тілшіміз

Scroll to Top