Бейсенбіде «Жайық Пресс» медиахолдингінде журналист, ақын, «Ақжайық» телеарнасының жүргізушісі Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» кітабының тұсаукесері болып өтті. Оған тарихшылар мен өлкетанушылар, журналистер мен студенттер қатысты.
Басқосуды аталмыш холдингтің бас директоры Жантас Сафуллин ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда тағы бір толымды іс тындырылғанын айтты. – Жалпақталдық жалынды жастардың жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов жөнінде тарихшы ағамыз Жаңабек Жақсығалиевтың «Егемен Қазақстанға» арнап, көлемді мақала жазғанын біліп, оған қолқа салып, өзімізде шығатын «Дана» журналына жариялаттық. Ал сол жастар жөнінде Мұнайдар ағамыз тамаша роман жазып, ұлт алдындағы борышын абыроймен өтеп шықты. Ағаның ақиқатқа негізделген кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Жантас Набиоллаұлы.
Шара барысында кітап авторының сценарийі негізінде жасалған «Тарихқа тағзым» бейнеролигі көрсетілді. Содан соң жалпақталдық жастардың жасырын ұйымының бір мүшесі Сүндетқали Қаражановтың туған інісі Кенжеғали мен Сатқали Молдағалиевтың жалғыз қызы Нұржиян жаңа кітаптың тұсауын кесті.

– Өте сәтті шыққан еңбек. Жерлесіміз Амангелді Шахинның да осы тақырыпқа қалам тербегені белгілі. Бірақ екеуінің сөз саптауы бір-біріне ұқсамайды. Осы үлкен еңбегімен Мұнайдар еліне рухани ескерткіш-мұра қалдырды. Сол үшін құттықтаймын! Демеушілік көрсеткен Жантас Набиоллаұлына мың да бір рақмет – деді алғаш лебізін білдірген өлкетанушы, журналист Тихон Әліпқали.
– Романның авторы қаламгерлік ортада сегіз қырлы, бір сырлы қасиеттерімен танылған. Ол – ақын, ол – журналист, ол – сценарист және т. б. осылай кете барады. Оның осыған дейінгі рухани еңбегі бір төбе де, жаңа кітабы бөлек лебізге лайық. Меніңше, өткен ғасырдың аяғында ресми билік пен халық тарапынан қазақтың тарихы мен шежіресіне іңкәрлік күшті болды ғой. Ол бастауын өткен ғасырдың ортасындағы атақты тарихшы Бекмахановтың Кенесарының тұлғасын ғылымда сомдауынан бастау алады. Сол үшін кеңестік өктем биліктің тарапынан жазықсыз жазаланса да, оның жанқиярлық өнегесі ұлтжанды азаматтарды оятты. Соны пайдаланып, тарихшылар да, қаламгерлер де көп өрелі істер тындырды. Қазір солардың қатарына Мұнайдарды да қосқан дұрыс. Жаңа кітап шығармашылық ұмтылыстың соңы емес. Өйткені аталмыш тақырып әлі де кеңінен зерттелуі тиіс, зерттеле береді де. Кейде осы жалпақталдық ұлтжанды жастардың іс-әрекетіне талдау жасай отырып, көңілге: «Мұның бәрі «Үш әріптің» қолдан жасаған қулығы емес пе?!» деген күпті ой келеді. Кезінде талай рет солай болған да. Алайда бұлтартпас дәлелдер бүгінде оның ақиқат екенін ашып берді. Жалпы, Мұнайдар қаламгерлердің арасында ұлттық рухы күшті адамның бірінен саналады. Оған дәйегім – ол сонау 1991 жылғы қыркүйек дүмпуінде қайсарлығымен ерекше көзге түсті. Сөйтіп, өзінің адами ұлттық ұстанымына нық болды. Сөз соңында айтарым, тарихи роман жазу – қиын кәсіп, сондықтан оның жаңа туындысын кез келген айтулы сыйлыққа ұсынса да, артық болмас еді – деді «Он төрттің» алғысөзін жазған, өңірге танымал тарихшы ғалым, ғылым кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.
– Бүтінделген дүние – жалғыздың емес, жалпының ісі. Бірлескен қимылдың нәтижесінде осы ұжымдық еңбектің шығуы «Алашорда» қозғалысының 100 жылдығына да тұспа-тұс келді. Бұл да кездейсоқтық емес. Өйткені Алашорда көсемдері мен жалпақталдық жалынды жастардың мұраты ортақ, мақсаты бір. Әрине, Амангелді ағамның да кітабы маған күшті әсер етті. Оның үстіне Жантас бауырымның: «Аға, сізге қолдау болады!» деген бірауыз сөзі жаныма қанат бітірді. Нәтижесінде туындымның 300 бетін қалай шабыттана жазып тастағанымды білмей қалдым. Әрі Жалпақталда бір ай болып, асықпай аралағанымның жазуға көп септігі тиді. Тұсаукесерге қатысып, ізгі ниеттеріңді білдіргеніңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын, – деді кітап авторы М. Балмолдин.

Шараның құрметті қонақтары Кенжеғали және Нұржиян ағасы мен әкесі хақында естеліктерімен
бөлісті. Екеуі де өздеріне ең қымбат адамдары туралы естелікті жаңғыртқаны үшін кітап авторына және тарихшыларға шын жүректен алғыс айтты. Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева мен Қазталов ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жәңгереева, Зеленов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыров авторды шығармашылық жетістігімен шын жүректен құттықтап, алғысхаттар мен кәдесый тапсырды. Сондай-ақ Нұржан Тоғызбайұлы аудан тұрғындарына тарату үшін өзімен бірге 100 дана кітап алып, авторды оқырмандармен кездесуге шақырды. М. Балмолдин жиналғандарды кітапты көркемдеген суретші Бекжан Жұмабаевпен таныстырып, оған ерекше ризалығын білдірді. Суретшінің өзі де сөйлеп, ой-пікірімен бөлісті. Тұсаукесерде «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директорының орынбасары, ақын Ғайсағали Сейтақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, «Ақжайық» телеарнасының редакторы Гүлмира Тілеубаева және басқасы сөз алып, М. Балмолдинге келешекте шығармашылық табыс тілеп, жүректен шыққан лебіздерін арнады. Соңында Ж. Сафуллин қаламгерге алғысхат пен жерлес жазушы Хамза Есенжановтың кітаптар топтамасын салтанатты түрде табыс етті.
Серік ИХСАНҒАЛИ,
«Орал өңірі»