28 қараша күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде жаңа мобильді қосымшаның таныстырылымы өтті. Оған облыстағы мемлекеттік құрылымдардың баспасөз хатшылары, «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары мен тілшілері қатысты. Шарада мекеме-ұйымдардың баспасөз қызметімен жедел әрі тиімді байланыс орнату және ақпарат алмасу мәселелері де сөз болды.
«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин: «Заман талабына сай барлық ақпарат құралдары өздерінің сайттарын және әлеуметтік парақшаларын жасақтап, ақпаратты халыққа жедел әрі сапалы жеткізу бағытында жұмыстанып жатыр. Қазір бізде қос облыстық және он екі аудандық газетті топтастырған zhaikpress.kz сайты, «Жайық Пресс» ақпарат орталығы бар. Десек те оқырмандарымызға ақпаратты бұдан да жедел әрі қолайлы жеткізу мақсатында жаңа мобильді қосымша жасап шығардық. Қосымшаның артықшылығы оқырман қалауы бойынша қажет газетті таңдап қана оқи алады. Осыншалықты көп ақпаратты тоғыстырған қосымша 2 Мb көлемінен аспайды, яғни қалтафоныңыздан көп орын алмайды. Қосымшаны қолданушы zhaikpress.kz сайтындағы ақпараттарды, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерін және барлық аудандық басылымдарды, сонымен қатар ақпарат орталығының жаңалығын бір жерден оқи алады» дей келе, болашақта электронды жазылу жүйесінің де қолданысқа енетінін атап өтті.
– Облыстық «Орал өңірі» газеті бала тәрбиесі, ел-жұрттың денсаулығын нығайту, жат діни ағымдардан сақтану, экономиканың нақты секторына қатысты проблемалар, мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсарын халыққа түсіндіру сықылды көкейкесті мәселелер бойынша жүйелі жұмыстанып келеді. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы тек қана материалдық көмек көрсетуге бағытталған жоба емес. Бұл – көмекке мұқтаж отбасында мал қарауға қабілеті жететін бір адам болса, соған берілетін көмек. Кіріс-табысы аз отбасы сол қаражатқа мал алып, кедейліктен құтылудың амалын қарастырады. Шаруасын дөңгелетеді. Жоба Ақжайық ауданында пилоттық негізде қолға алынды. Соның нәтижесінде аталған аудандағы біраз әлеуметтік мәселе шешілді. Осындай игілігі мол, халыққа пайдалы мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым тұрғындар білмей жатады. Міне, мобильді қосымша осындай халыққа қажет ақпараттарды жеткізуге таптырмас құрал. Өйткені, қазір ұялы телефон барлық адамда бар. Яғни, газет тілшілері зерттеген тақырыпты қосымша арқылы халыққа таратқымыз келеді. Оқырманның сауаты артады. Мәселесі шешіледі. Меніңше, халыққа біреудің өзіне-өзі қол жұмсағаны емес, одан сақтану жолдарын білу пайдалырақ, – деді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
– Мәселен, Ақсай қаласы – жұмысшылар көп, әлеуеті зор өңір. Алайда газет-жорналдарға жазылу деңгейінің төмендігінен байқайтынымыз, жергілікті жұрт мемлекеттің халық үшін қолға алған жоба-жоспарларынан толыққанды таныс емес. Халықты да түсінуге болады. Өйткені, оларға қазір «атып кетті», «өлтіріп кетті» деген мазмұндағы ақпараттар қолжетімді. Былайша айтқанда, халықтың бүкіл дүниетанымы сол деңгейде қалыптасып жатыр. Облыс ауылдарының тұрғындары өздері үшін жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз. Азаматтардың ойында бағдарламаға белгілі бір адамдардың ғана қолы жетеді деген жалған ұғым қалыптасқан. Біздің мақсатымыз – интернет күшін пайдаланып, ақпараттық-танымдық, мемлекеттік маңызды жобаларды, рухани дүниені оқырманға жеткізу, – деді медиахолдинг директоры Жантас Сафуллин.
Мобильді қосымша әзірге Android жүйесінде қолжетімді.
Оны Play Market-ке (Google Play) «Жайық Пресс» сөзін енгізу арқылы тегін жүктеуге болады. Басылым беттерінде жарияланған мақалаларды оқып қана қоймай, ұнағанын әлеуметтік желілерде бөлісу мүмкіндігі де қарастырылған. Алдағы уақытта оқырманның талап-тілегі ескеріліп, мобильді қосымша жаңартылып отырады. Қосымшаға қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды 8-707-808-48-55 WhatsApp телефон нөміріне жолдауға болады.
Өз тілшіміз