Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен арыстарымызды жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары өңірімізде ұдайы жүргізіліп келеді. Осы орайда «Жайық Пресс» ЖШС тағы бір елеулі шара – «Тілші болғың келсе…» деген атаумен Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин атындағы облыстық байқау ұйымдастырып отыр.
Ғұмар Қарашты халық біршама білгенімен, Елеусін Бұйрин елеусіз қалып келеді. Сондықтан байқау Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриндей біртуар қайраткерлеріміздің есімдерін қастерлеуді көздейді.
Бұл тұлғалардың ел үшін атқарған барлық еңбегін түгел тізбелемей-ақ, баспасөзге тікелей қатысты қызметтеріне тоқталуды жөн көрдік. 1911 жылы Батыс өңіріндегі атақты зиялылардың қолдауымен елімізде тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен шығарылған газетке орыс тілін жетік меңгерген Елеусін Бұйрин редакторлық етсе, Ғұмар Қараш басылымға жол сілтеп, қаржылық, шаруашылық, ұйымдастырушылық жұмыстарына көмектесіп, халыққа ой салатын, кәсіп үйренуге, білім алуға үндейтін негізгі мақалаларды жазып отырды. Ол заманда интернет, телевизия, радио болмағанын ескерсек, қалың қазақтың санасын оятатын тек қана газет еді. «Қазақстан» газетіне дейін қазақ даласында «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты» т.б. басылымдар тұрақты шықты. Бірақ бұлар патша үкіметінің бастамасымен, оның саясатын қолдау үшін құрылған үнпарақтар еді (Қазақ зиялылары ара-тұра ой-пікірлерін жариялады. Газеттер патша үкіметінің цензурасымен қатаң бақылауда болды, ұлттық тақырыпқа бағытталып жарияланған материалдардың авторлары қудаланып, жазаланды). 1905-1907 жылдары Ресейдегі толқулардан кейін марксизм мен ленинизмді насихаттайтын басылымдар көбейді. Бірен-саран қазақ зиялыларының бастамасымен газет шығаруға талпыныс болды. Бірақ оның бәрі патша үкіметінің қаһарына ұшырап, шықпай жатып жойылған.
Ол кезде бізді тамырымыздан айырып, кемсітіп, бодан ел қылу үшін «қазақ» демей, «қырғыз», «қайсақ», «қырғыз-қайсақ» деп атаған. Ақ патшаның қылышынан қан тамған сол кездің өзінде «Қазақстан» деген атаумен тұрақты газет шығару ерлік болса, қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дәл солай аталуын асқан көрегенділік пен тарихи сабақтастық деп айта аламыз. Осылайша бүгінгі егемен еліміздің атауы тұңғыш рет 1911 жылы осы газеттің ресми шығуынан бастау алып, тағдыр тәлкегімен түрліше өзгергенімен, 1991 жылы Елбасының Жарлығымен қайта қауышты. Зиялы қауымның «Қазақстан» атауымен сол мезгілде прогресшіл-демократиялық бағыттағы газет шығарудағы түпкі мақсаты болашақта «Қазақстан» деген тәуелсіз ел болуды көздегені айқын.
Мазмұны жағынан газет жалпы қазаққа алғаш жағылған шырақпен тең. Халықты білім алуға, кәсіппен айналысуға, бірлікке, ынтымаққа, отырықшы ел болуға шақырып, жаңа кәсіп түрлерін игеруге үндеді. Газетте жарияланған мақалалардан қысқаша үзінді келтірсек: «Ғөнерден де, ғылымнан да мақұрым қалып, ақырында күнелтіп отырған малдан да айырылып зор қиындыққа ұшырап тұрмыз. Жетер енді таласу, жетер!» – деп қатқыл айтса, «Енді қалай тұрмақ керек» атты мақалада «Енді бізге бала оқытуға, ғөнер үйренуге жабысу керек. Кәсіп етуге жабысу керек. Бұларды біз бұлай етіп жүріп үйрене алмаймыз, бізге енді… ауыл, ауыл болып жиналу керек, сонда ортақ ұстанған бір молдаға ауылдағы барлық бала оқып тағлим алады, енді қазіргі халде, бағзы саяқ отырғанда әр басына бір молда керек. Олай ұстауға hәр кімнің қуаты келе бермейді. Сондықтан көп бала надан қалады. Бұлайша ауыл-ауыл болып жиналып отырудың жерге де файдасы бар. Аз жерді тілкімдеп hәр кім өз алдына файдалануға болмайды, сол себепті барлық ауылдың жерін қосып жіберіп, бір жағын егіншілік етіп, бір жағын пішендік етіп, енді бір жағын жайылыс етіп ортақ файдалану керек болады» делінген (Болашақта «Қазақстан» газетінен нақты үзінділер келтіріп, зерттеп, сараптамалық материалдарды толығырақ береміз).
Қазақ халқы өз ықтиярымен сол жылдардан отырықшылыққа икемделсе, 1920-1922, 1930-1932 жылдардағы ашаршылықтан қырылған қазақ еліндегі халықтың саны 4 млн-нан едәуір кем болар ма еді деген ой келеді.
1911 жылдары татар, орыс ұлты өкілдерінің газет басатын баспаханалары болғанымен, қазақтардың ондай мүмкіндіктері болған жоқ. «Қазақстан» газетінің алғашқы 2 нөмірінен басқа қалған 14-і қарызданып-қауғаланып, аса қиыншылықпен болса да, Әзірбайжаннан сатып алынған баспаханадан басылды. Бұл тұңғыш қазақ зиялыларының бастамасымен алынған, газеттің өз меншігіндегі баспахана болды. Сол себепті Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйринді тұңғыш тұрақты басылым шығарушы және баспа ісінің негізін қалаған тұлғалар деуге толық болады.
Газетті шығаруға қажетті қаражатты іздеп, ел қаңғырған да осы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин. Ғұмар Қараш «Баку» атты мақаласында «Былтыр 1911 жыл зауза жұлдызының бас кезінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп адам ету қайғысында, адамдар арасында естіген бір қаулы бойынша – Алла деп аттанып, Баку қаласындағы қажы Зейнелғабиден Тағиевті іздеп, елден екеу шықтық. «Еріккен екі тентек елден шығып кетті» деушілер көп болса да, шын тән көңілдерінен «хайырлы сафарлары болып жеңіл барып ауыр қайтқай» деп дұға етуші хайыр хуатларымыз болуында білетін едік. Ақ ниетіміз хұрметіне Алла тілегімізді оңғарып, барған хажымыз хош алды, «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді, аталық сифатына ағып шыққан сөздерін айтты. Амандасып айырылар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милләттікі» деген сөзін айтып, көзіне жас алды. Жай-күйімізді түсіндіру турасында мәшҺүр Ғали Мардан бек Топшыбасовтың жәрдемі тиді. Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіп, осындай адамдарымызды көбейтсін» деп жазды.
Кеңес үкіметі кезеңінде «Қазақстан» газеті туралы зерттеу жүргізілген жоқ. Тіпті зерттеуге ниеттенгендерге түрлі тосқауылдар қойылды. Е.Бұйрин мен Ғ.Қараштың өмірі мен қызметі коммунистік жүйе үстемдік етіп тұрған кезде ұзақ уақыт бойы ғылыми-зерттеу нысанасына айналмады. Тіпті қазірге дейін толыққанды зерделенген жоқ. Қазақ елінің болашағы үшін саналы ғұмырын сарп еткен ұлыларымыздың өз дәрежесінде ұлықталмауы бүгінгі ұрпаққа сын.
Құрметті оқырман, байқаудың басты мақсаты – аумалы-төкпелі заманда тар жол тайғақ кешіп, қазақ халқының санасын оятуға бар күш-жігерлерін салып, еңбек еткен бабаларымыздың рухын асқақтатып, жас ұрпаққа істерін үлгі етіп, туған елдің тарихын насихаттау. Сонымен қатар БАҚ саласында бағын сынауға тәуекел еткен жастарды іріктеп, олардың облыстық, аудандық газеттерде қызмет атқаруға мүмкіндік жасау. Бабалардың жолын қуып, елге еңбек етем деген жас болса, мүмкіншілік беріп, жағдай жасауға біз дайынбыз.