Надежда Қарашева: «Әуезовтың соңғы хаты қимастыққа толы еді…»

Өткен жылы Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Қарашеваны тауып, емін-еркін әңгімелескен едік. Тек атасы емес, өзі де жай адам емес екендігі анық байқалған. Елімізде Ғұмарды екінің бірі білмесе де, Мұхтар Әуезовты әр адам білетіндігі белгілі ғой. Надежда Бұрханқызы Мұхтар Әуезовпен жиі хат алмасып тұрғандығын, оның ең соңғы хаты да өзіне арналғандығын айтқан. Бірақ ол жолы әңгімеміздің негізгі бағыты Ғұмар атамызға байланысты бол­ғандықтан, ол хаттарға аса мән беріп сөз етуді орынсыздау санағанмын. Әйт­кен­мен қалың оқырманға қажет болар деген оймен  жақында ғаламтор арқылы сұрақтар жібергенмін. Көп кідірмей жауап та келді. Ғаламтор арқылы болған шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Мұхтар Әуезовпен сіз ал­ғаш рет қалай таныстыңыз?

– Әрине, әрбір сауатты азамат сияқты мен де Мұхтар Әуезовтың шығармашылығы мен өмірбаяны туралы жақсы хабардар болған едім. Ал өзімен 1953 жылы таныстым. Сол жы­лы М.Ломоносов атындағы Мәс­кеу университетін тәмамдап, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және өнер институтына жұмысқа орналастым.  Мұхтар Омарханұлы институт­та қазақ фольклоры бөлімін бас­қаратын еді.

Ол кезде институт тіл ма­мандарын, әдебиеттанушылар мен өнертанушыларды бір ша­ңырақ астында біріктіретін еді. Кейін 60-жылдардың со­ңын­да Тіл институты және Әде­биет институты болып бөлінді. Сол уақытта институтта рес­пуб­ликамыздың белгілі тіл ма­ман­дары С.Кеңесбаев, Н.Сау­ранбаев, Ғ.Мұсабаев, атақты жазушылар мен әдебиет­та­ну­шылар М.Әуезов, Е.Ысмайы­лов, М.Сильченко (мүмкін М.Си­машко), композиторлар А.Жұ­банов, Е.Брусиловский және та­ғы басқалары қызмет етті. Жас­тар да көп болды.

М.Әуезов күнде жұмысқа бел­гілі бір мерзімде келетін.  Әр­дайым қасынан шәкірттері, жас ғалымдар мен жазушылар бір елі қалмайтын-тұғын. Жас­тармен емін-еркін қатынастан шабыт алатын. Әңгіме барысында олардың жоспарымен та­нысып, шығармалары туралы  ой-пікірлерін білуге құштар еді, жастарға арналған шараларды құптайтын. 8 наурыз бен 23 ақпан мейрамдарына орай өткізілетін әзіл-сауық кештеріне өзі белсене қатысатын. Әсіресе, біздің есімізде 1960 жылғы  жа­ңажылдық қызықты кеш қал­ды. Қа­зақ драма театрынан ұлт­­тық киімдер жалға алынды, «Қазақфильм» студиясынан жа­рық құралдарымен операторлар шақырылды. Мұхтар Омар­ханұлы сол кеште өте көңілді болды, күлкілі әңгімелер айт­ты, өлеңдер шырқады, би де биле­ді. Сол кештен сізге сканерден өткізілген фотосуретті жіберіп отырмын. (фото 1): солдан оң­ға қарай Мүсілім Базарбаев, Мұхамеджан Қаратаев, Әлкей Марғұлан (тарихшы), Рабиға Сыздықова, Ысқақ Дүйсенбаев, Мұхтар Омарханұлы және мен, арғы жақта шкафтың тұсында Есмағамбет Ысмайылов. Деректі фильм түсірілді, ол қазір «Қазақфильмнің» қорында сақ­таулы, М.Әуезовтің  мерейтой күндерінде Қазақстанның теле­­­арналарында көрсетіліп тұ­ра­ды.

Мұхтар Омарханұлы орыс тіл­де жазатын жас ақын-жазу­шыларды көп жақтырмайтын. Оның пікірінше, өзіңнің ой-тол­ғауыңды толық дәрежеде тек туған тіліңде жеткізуге болады. Дегенмен ол «Менің  жаңа «Өскен өркен» романым орыс тілінде де бірге шығуы керек, оны көптілді оқырмандар да түсініп, білулері қажет» деп жиі айтушы еді.

Мұхтар Омарханұлы қазақ пен орыс тілін қатар меңгерген жастарға дән риза болып жү­ретін. Осыған байланысты ме­нің де ана тілімді білуге тал­пы­нысымды құптайтын еді  жә­не кеңестерде, конференцияларда жасаған менің алғашқы  қазақ тіліндегі хабарламаларыма қолдау білдірді. Бұл туралы сіздерге оның бірінші хатын жолдап отырмын (1 хат).

– Мұхтар Әуезов сіздің ата­ңыз Ғұмар Қарашты білетіні туралы сіз жас кезіңізде естіп пе едіңіз?

– Институтта мені қазақша Нәдия деп атайтын. М.Әуезов ешқашан менің атамның есімін атаған емес, сондай-ақ менің өмірбаяныма немесе тума-туыс­қандық байланысыма қы­зығу­шылық танытқан емес. Бірақ та ол Ғұмар Қарашевты білді деп ойлаймын. Олай дейтінім, екеуі бірге 1917 жылдың мамырында Мәскеуде Ресей мұсылманда­ры съезінің жұмысына қатыс­ты. 60-жылдарға дейін Қазақ­станда көптеген қазақ мәде­ниет қайраткерлерінің есімде­рін атауға рұқсат етілмеді, ат­тарын халық зердесінен өші­ру­­­ге тырысты. Және дінге бай­ла­ныс­ты тақырыптарға тыйым са­лынғандығы кері әсерін тигізді.

– Мұхтар Әуезовтың соңғы ха­тының мазмұны туралы айтып беріңізші.

– Институтта мен екі қыз­мет­кермен жақсы араластым. Біреуі – М.Әуезовтың шығар­машылығын зерттеуші Евгения Васильевна Лизунова, екінші­­сі – Абай Құнанбаевтың шы­ғармаларындағы тілдің зерт­теушісі Рабиға Ғалиқызы Сыз­дықова. Үшеумізді де Мұхтар Омарханұлы қатты сыйлайтын, жоспарларымен бөлісетін, үйі­не қонаққа шақыратын еді. Жұ­мысқа келісімен ол мен (инс­титуттың ғылыми хатшысымын) және Мүсілім Базарбаев (ди­ректордың орынбасары) отыратын кабинетке кіретін еді. Мен Евгения мен Рабиғаны шақы­рып алып, бәріміз ұзақ және қызықты әңгіме бастайтынбыз. Ұлы жазушы жасырмай өз ойларымен, болашақ істерімен таныстырып, кеңесіп отыратын. Міне, осы үшеумізге М.Әуезов­тің екінші хаты (2 хат) арнал­ған. Бұл – оның Мәскеудегі Кунцев ауруханасынан 1961 жыл­ғы 7 маусымда жолданған соң­-ғы хаттарының бірі.

Бізге жазушы Мәскеуге про­фи­лактикалық ем-дом алуға бара жатқанын айтқан еді. Ал кейін Есмағамбет Ысмайылов естелігінде Мұхтар Омархан­ұлы онымен әңгімеде алда   болатын отадан және оның салдарынан  өзінің қобалжитынын жеткізген. Мәскеуге аттанар алдында Мұхамеджан Қаратаев­ты шақырып алып, екі сағаттай әңгімелескен. Онда ол Мәскеу­ге дәрігерлік консилиумға бара жатқанын және өте күрделі ота болатынын айтқан.

Әуезовтың соңғы хаты қи­мастыққа толы еді. Ол қыз-ғал­дақ толы қазақ даласында аунап-қунап демалу арманына жете алмаған өкіні­шін жасырмайды. Бірақ та 1961 жылдың жаз ортасында ауруханадан шығатынына сендіріп, хатында үше­умізді Ыстықкөлдегі үйіне қонаққа шақырады. Әттең, ол ар­маны орындалмай қалды…

Мұхтар Омарханұлы біз­дің жүрегімізде әрдайым сақталу­да, асыл мұ­ра етіп қалдырған ой­лы кітап­та­ры арқылы біздер­ді өмір­ге үй­ретуде.

Scroll to Top