Ғұмар сөзі – ғұмырға азық

Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басын «тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттаған, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы. Сөзі мен ісі қабысқан ғұлама, те­рең игерген діни білімінің арқасында сол саладағы жо­ғары қызметтерді атқарған. Кейін дүмше молдалардың надандығын ашық әшкерелеп, ағартушылыққа ден қояды. Еліміздің азаттығын армандап, соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Ағартушылық бағытта өз заманында көп іс тындырады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуға да елеулі үлес қосқан.

«Ойға келген пікірлерім», «Бәдел-хажы», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Тұрымтай» өлең жинақтарын шығарып, философиялық ой-толғам­да­рын жазған. 1910-1912 жылдары «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жыр­лары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» деген атаумен қазақтың батырлар жырының жинағын алғаш жариялаған. Қазақ даласында елдің мүддесін көздейтін бірде-бір газет жоқ кезде, тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен халыққа білім мен кәсіп үйретуді мақсат ететін газет шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы ағартушылық, білім беру, сауат ашу, тәрбие бағытын­да «Мұғалім» атты ғылыми журналды шығаруды ұйымдастырып, басқарды.

Өз дәуіріндегі халыққа кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы» (газеттің атауын осылай қою Ғ.Қараштың идеясы және «Дұрыстық жолы» деген өлеңімен басталады) мен «Қазақ дұрыстығы» (бұл екі газет қазіргі «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған басылымдар), тағы басқа татар тілде­ріндегі баспасөз бетінде халыққа оң бағыт-бағдар берген, бірлікке, ынтымаққа үндеген, білім, кәсіп игеруге бағытталған ой-пікірлері мен өлеңдері жарық көрді.

Осылайша, Ғұмар атамызды жеріне жеткізіп мақтап, мадақтаймыз. Адамды терең, шынайы тану үшін оның айт­қан сөзі мен атқарған ісін жақсы білу керек. Бірақ бүгін біз, шынымен де, Ғұмар Қарашты терең танимыз ба? Жоғарыда тізбектелген еңбектерінің ең болмағанда біреуімен толық таныстық па? Көпшілігіміз «Жоқ» деп жауап береріміз анық. Ғұмар Қараштың еңбектерін ең алғаш тиянақты, тыңғылықты зерттеген – филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов. Осы азамат басқарған шығармашылық топ 1994 жылы «Замана» атауымен Ғұмар Қараш еңбектерінің бірсыпырасын жинақ етіп шығарды. Бұл кітап бар болғаны 1000 дана болып шыққан, заманның қиын кезеңінде жарық көргендіктен, дұрыс таратылмаған.

Кеңес жылдарында Ғұмар шығарма­шылығын зерттеуге кедергі бол­ған – Қазақстан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысы. Онда Ғұмар Қараш «революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партия­сы қай­раткерлерінің бірі» деп көрсетіліп, мектеп оқулықтарынан алынып, болашақта зерттеуге, насихаттауға тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Ғұмар Қарашты зерттеуге жол ашылды.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің 95 жылдығы қарсаңында өзі осы басы­лымның бастауында болған, ұлы тұл­ғаларымыздың бірі Ғұмар Қараштың еңбектерімен таныстыруды бастауды жөн санадық.

Құрметті оқырман, жүз жыл бұрынғы болған кемшіліктердің қазір де бар екендігі аян, сондықтан айтылған әңгімедегі кем-кетіктер өзіңізде, айналаңыздағы адамдардың бойында бар ма? Осыған іштей жауап беріп, жүрегіңізбен әр өлеңді зер салып, мұқият оқыңыз. Кей жағдайларды сол кезеңнің көзімен қараған жөн деп санаймын. Мысалы, сопыларды қатты сынайды. Бұл жерлерде екіжүзді, надан, жалған сопысынғандар туралы айтылып тұр. Себебі 1910 жылғы «Пәлсапалық ой-толғамдар, ойға келген пікірлерім» жинағында Ғұмар Қараш «Шын сопылардың уағыз, насихаты халыққа пайда келтіретіндігіне күмән жоқ» дейді.

Еліміздің шынайы жанашыры Ғұмар Қараш атамыздың еңбектерінен әр адам өзіне керегін алып, жан байлығына кенеледі. Әр оқырман біліп-түйгендерін ағайын-тума, дос-жаран, ұрпақтарына айта жүрсе, жақсылықтың шуағын айналасына шашқаны.

Scroll to Top