Ауылға барғанның ырысы көбейеді.

Еліміз аумағы жағынан әлемдегі алғашқы 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Осыншалықты кең байтақ жерді ата-бабамыз алмағайып кезеңдерде өз өмірлерін құрбан етіп, болашақ ұрпағына қалдырды. Енді осы кең далаға сыймағандай ауыл тұрғындарының көпшілігі қалаға көшуде. 

Оларды да сөгуге болмайды, жұмыс орындарының жоқтығы, мектеп, аурухана, мәдениет ошағы және т.б. жабылуы көшуге мәжбүр етуде. Мал басы, егін шаруашылығы да бұрынғыдай деңгейде емес. Алайда ауыл – алтын бесік. Бесігінен ажыраған сәби толыққанды болып жетілмейді. Сондықтан Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Дипломмен ауылға» жобасы жас мамандарды ауылға тартуға үлкен көмегін тигізіп жатыр. Бұл бастама жастарға қай жағынан қолайлы? Адам кім үшін білім алады, еңбек етеді? Әркімнің бұған берер өзіндік жауабы бар. Менің ойымша, адам баласының көпшілігіне ортақ мақсат – дені сау, білімді, саналы ұрпақ қалдыру. Енді «Дипломмен ауылға» жобасының осы негізгі мақсатқа жетуі үшін оқуды жаңа аяқтаған жас маманның ауылдағы жағдайы мен қаладағы жағдайын салыстыру арқылы ой жүгіртсек.  

Қаланың жас маманы көпшілік жағдайда маңдайын тауға да, тасқа да ұрып мамандығына сай қызмет іздейді, сәті түсіп мамандығына сай жұмыс тапса, жолының болғаны. Таппаса «екі қолға бір күрек дегендей» кез келген жұмысты жасауға тура келеді. Қаладағы жастардың көпшілігі ауылдан келгендер, өздерінің басыбайлы баспаналары болмағандықтан пәтер жалдайды. Сондықтан тапқандары қапқандарына жетпей бар ақшасын пәтерақыға төлейді. Ал «Дипломмен ауылға» бастамасында жас маманға қызмет әзір, материалдық көмек беріледі. Жақын арада пәтер мәселесін де қолайлы бағамен мемлекет шешпекші.  

Қаладағы жас маман жанұя құратындай жағдай туындаса, бала тәрбиелеу, жанұяны асырау секілді күрделі мәселелер туындайды. Тіпті баласын тәрбиелемек түгілі онымен емін-еркін әңгімелесуге де уақыты жоқ. Бала төрт қабырғаға қарап өседі. Кішкентайынан телміретіні теледидар, содан сәбидің көру қабілеті нашарлайды. Кейбірі компьютерлік клубтарға барып, күні бойы ойын ойнап, құмарлыққа салынады. Ішетін жейтіндері денсаулыққа зиянды шетелдік сусындар мен құнарсыз тамақтар (чипсы, кириешки т.б.). Аяқпен жүріп, қолмен жасайтын жұмыс болмағандықтан әлжуаз боп шыға келеді. Төрт түлік мал көрсе, хайуанаттар бағында жүргендей таңырқайды. 

Жазда жалаң аяқ, емін-еркін асыр сап жүгіру немесе қыста аязға беті қызарып, рақаттана қызығы басылғанша ойнау – қаланың баласына бұйырмаған бақыт. Ал ауыл баласына жылдың төрт мезгілі де тамаша. Қысы-жазы таза саф ауамен тыныстап, ойнап, денесін шынықтырады. Үйіндегі төрт түлік малды ертемен жайылымға шығарып, кешкісін түгендеп, қысқасы күнделікті үй шаруашылығына көмектесу арқылы еңбекке жастайынан икемделіп, тірлікке тез бейімделеді. Ауыл баласы табиғи сүттен жасалған тағамның барлық түрімен (айран-сүт, май-қаймақ, құрт-ірімшік, т.б.) сатып алмай-ақ қоректенеді. Бұл – өлшеусіз дәрумен. 

Ауылдағы жас маманның баласы кең жазық далада, шынайы табиғат аясында, табиғи дәруменмен қоректеніп, білім алады. Ауыл баласының денсаулығы қаршадайынан мығым қалыптасқандықтан, мектеп және жоғары оқу орны бағдарламасын игеру де оған оңай. Осылай тәрбиеленіп өскен бала ата-анасының мақтанышы болып, елімізге пайдасы тиетіні сөзсіз.  

Қалада өскен баланы ауылға жіберсең де сіңісіп кетуі екі талай. Сондықтан ауылдан шыққан жастарды ауылға қызмет жасауға бағыттау өте дұрыс. Қазір ауылға білімі жоғары, ауылдық жерге екінші тыңысты ашатын, жаңадан серпіліс беретін жастар ауадай қажет. Өзінің, елінің болашағы үшін еңбек ететін жастар мемлекетімізді көркейтеріне сенімдімін. 

Жас маман тиімділікті бүгінгі күнмен емес, ертеңгі күнмен ойласа, ұтары анық. 

«Орал өңірі» газеті, 2009 жыл