Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында ғасырға жуық ғұмыры бар басылымның тарихынан сыр шертетін музей ашсақ, тарихын түгендесек деген игі мақсат 2012 жылы-ақ басталған болатын. Өз газетімізді өзіміз зерттеп, тігінділерін түгендеп, ең алғашқы нөмірлерінен бастап ұйымдастырған, шығарған тұлғаларды іздестіруді жоспарладық. Зерттей келе, Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев сынды тұлғалардың 1918 жылы «Дұрыстық жолы» газетінің редакциялық алқа құрамында болғанын білдік. Алқада мүше болған Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» атауымен газет шығарушылар қатарында болған екен. Сондықтан істі «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көрдік.
Міне, Ресей мұрағаттарынан іздестіріп, 1911-1913 жылдар аралығында Орал қаласында шығып тұрған «Қазақстан» газетінің 16 санын тауып, көшірмесін алдырып, араб әрпінен қазіргі әліпбеге аударып, бұл басылымды шығарған тұлғалар туралы деректермен толықтыра отырып, бір жинақ шығардық. Бұл жинақты ұлтымыздың толыққанды газет ретінде жүйелі шығып тұрған тұңғыш басылымы – «Қазақстан» газетіне арналған алғашқы кітап, шағын энциклопедия десек те болады.
Бүгінгі мерейтойға арналған екінші бір құнды еңбек – «Қос газеттің тарихы» деп аталады. Бұл, өздеріңіз де шамалап отырғандарыңыздай, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің ғасырға жуық тарихын қамтыған жинақ. Кітапта газеттің 1918-1919 жылғы алғашқы сандары аудармасымен беріліп, басылымды қалыптастырған, жетекшілік еткен, әр жылдары қызмет жасаған тұлғалар туралы деректер топтастырылды. Осы зерттеулер барысында газетке редакторлық еткен бірнеше тұлғаның саяси репрессия құрбаны болғанын, «Халық жауы» деген жаламен атылғанын анықтадық. Осының өзі газет редакциясында қиын-қыстау жылдарда елім деп еңіреген азаматтар қызмет атқарғанының дәлелі емес пе?!
Осы атаулы күнге арналған үшінші кітап – «Жайық журналистері». Бұл жинақта аталмыш қос басылымда күні бүгін қызмет атқарып жүрген журналистердің таңдаулы мақалалары іріктеліп берілген. Жалпы, әрбір газет-журнал редакциясы өзінің таңдаулы жарияланымдарын топтастырып, кітап етіп шығаруы – бұрыннан бар дәстүр. «Жайық Пресс» ЖШС да осы бір игілікті дәстүрді жалғастырмақ ниетте.
Міне, құрметті оқырман, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойын осындай ойлы дүниелермен, мәнді де мағыналы шаралармен өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрқашан, әр кезде де басылым тойы – оқырманның да тойы. Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын!