Мемлекеттің қолдауы арқасында «Жайық Пресс» ЖШС-нің материалдық-техникалық әлеуеті нығайып, күнделікті газет шығарумен қатар төл басылымдарымыздың тарихын зерттеуді де қолға алдық. Былтыр облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойын өткізу барысында газеттеріміздің тарихы біз негізге алып жүрген 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әріде екендігін, әлде де тыңғылықты зерттеулер қажеттілігін айттық. Алғашқы нөмірге санап жүрген «Известия»-«Хабар» газетінің алдында «Ұран» газетінің болғандығы және алдағы уақытта осы газетті іздестіруді бастайтынымызды айтқан болатынбыз. Бұған бірнеше себеп болды.
«Орал өңірінің» бастауы – «Ұран»
Біріншіден, өткен жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Известия»-«Хабар» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сандарының көшірмесін түгелге жуық әкелгенбіз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында – облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда: «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп…» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша «Ұранның» орнын «Известия»-«Хабар» газеті басқанын дәлелдейді.
Екіншіден, «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас біріктірді. Бірақ осы басылымдардың бәріне бірдей белсенді атсалысқан екі тұлға бар. Олар – Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақстан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйымдастырып, қаржы жинауға және таратуға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редакторлық еткен – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Газетте Ғұмар Қараштың көптеген мақалалары жарық көрген, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Известия»-«Хабар» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына – бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Известия»-«Хабар» газетінің редакторы – Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.
Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев – екеуі де қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, баспасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген азаматтар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.
Үшіншіден, біз баспасөз саласын зерттеумен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай болғанбыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар мұны әуелден білгендей. Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту. Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922-1929.
1917 ж. июлінен-1918 ж. – «Ұран»; 1919 ж. – «Дұрыстық жолы»; 1919-1920 жж. – «Сахара таңы»; 1920-1930 жж. – «Қызыл ту»; 1931-1957 жж. «Екпінді құрылыс»; 1958-1964 жж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады».
Міне, мұнда газеттің «Ұраннан» басталатынына еш күмәнданбайды. Жүйелеп, тап-тұйнақ етіп көрсеткен.
Төртіншіден, «Ұран» газетін Кеңес үкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды…» дегенінің өзі дәлел. Алашорданың айналасындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осыда болар.
Газеттің атаулары өзгергенімен, баспахана ортақ, шығарушылары бір болғандықтан, бір-бірін жалғастырған басылымдар. Жоғарыдағы айтылған негіздерге байланысты бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы 1917 жылы шілде айынан Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен жарық көрген «Ұран» газетінен бастау алатыны анық.
«Ұран» қалай табылды?
Өткен жылы қос басылымның 95 жылдығы қарсаңында-ақ «Ұран» газетін таныстырып, тарихын тереңдеткіміз келген. Бірақ қанша іздесек те түпнұсқасын, не көшірмесін таба алмадық. Сондықтан ойымызды айқындау болашақтың еншісіне қалды. 1911-1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша ресейлік көптеген мұрағаттар мен кітапханаларға сұрау салдық. Өкініштісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны анық, көптеген азаматтардың көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.
Араб әліпбиімен жазылған баспасөзіміздің бастауы қарашаңыраққа жетісімен әріптесім Қазбек Құттымұратұлы кириллицаға аударуға кірісіп кетті. Әр нөмірі аударылған сайын оқып, қызығымыз басылмай, желпініп отырғанда, тағы бір жақсы хабар келді. Хабаршымыз Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың директоры Нұржан Төлепов «Ұран» газетінің көшірмесі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұрғанын көріпті. Зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде «Ұран» газетінің де көшірмелері бар екен. Ағамызға алғысымызды айтып, облыстық өлкетану мұражайына бардық.
Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжаттың мұражайға тапсырылғанын білетін едік. «Қазақстан» газетін алғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы солақай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз шамалыға таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап, зерделепті. Мұражай басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» шамамен 40-50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық.
Бүгінгі күні бұның өзі үлкен олжа. Сондықтан әзірге осыған қанағат етудеміз. Алдағы уақытта атқарар жұмыстың көптігі айтпаса да түсінікті.
Жиырмасыншы ғасырдың басы – қазақ елін отарлаудың белсенді деңгейіне көшкен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сенерін, кімнің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыстығына жөн сілтегендердің айтқаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кездер еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зиялы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым – «Қазақстан» (1911-1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Известия»-«Хабар» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.
Біз газетіміздің шыққан жылын әріге шегеріп, жасын ұлғайтуды мақсат еткен емеспіз, ең бастысы – шындықты, ақиқатты айқындау. Бұл Кеңес үкіметі тұсындағы 73 жыл бойы айтуға, тіпті ойлауға тыйым салынған жағдай еді. Азат ел болғанымызға тәубе. Өткенімізді саралап, жақсылығын ұрпаққа айтатын күн де туды.