КӨПТЕН САҒЫНДЫРЫП ЖҮР ЕДІ… немесе күй төгілген кеш

Орал қаласындағы облыстық қазақ драма театрының кең залы көрерменге лық толы. Ине шаншар орын жоқ десек те, асыра айтқандық болмас. Қасиетті жұма күнгі кешқұрым көне шаһардағы өнердің қара шаңырағына қандастарымыздың өз ықтиярымен келуіне сеп болған – қазақы домбыра үнінің құдіреті.

Иә, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» тура өзі сияқты домбыра да тарихтан теперішті аз көрген жоқ. Көмейіне қорғасын құйған ықылым замандарды айтпағанның өзінде, «домбыраның енді болашағы жоқ» деген кешегі ке­ңестік заманның өзі күй өнерінің дамуына кері әсерін тигізгені кәміл. Шүкір, тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі күй өнері әупірімдеп болса да алға басуда. Әйтсе де, біздің өңірде күй құдіретінің бәсін арттырарлықтай өнер кеші һәм сайыс дода ұйымдастырылмағалы қашан?!

Мақалаға арқау болып отырған «Алтын жүрек домбыра» атты кеш осынау олқылықтың орнын біржола толтырмаға­нымен, «сеңді бұзғандай» әсер етті. Ха­лықтық дәстүрдегі домбырашыларды жан-жақтан жинап, көлеңкеде қалып ке­ле жатқан күйлер мен жыр-термелерді өнерсүйер қауымға жеткізуге тәуекел етуге бастамашы болған «DANA.kaz» журналы­ның редакциясы. «Тұсауын» күні кеше ке­сіп, ақпарат айдынына өзін­дік болмысымен жол тартқан журнал ұжымының бұл бас­тамасы аса құптарлық іс. Шараны ұйымдастырған «DANA.kaz» журналының жас ұжымы мен Орал саз колледжі.

Күй күмбірлеп, жыр төгілген кешке оралайық. Бірден айта кетсек, кеш барысында сахна төрінен көрінген күйшілер тыңдарманына сіңімді болсын деген ниет­пен өзі тартатын күйдің шығу тарихына тоқталып отырды. Олардың бәрі бірдей кәнігі кәсіби домбырашы емес, көкірегі­не көне күйдің сарынын сақтаған, сирек орындалатын күйлерді репертуарына енгізген жандар.

Махамбет, Құрманғазы, Нақыш, Мү­сірәлі, Соқыр Есжан, Қожақ сықылды күй­­ші­лердің шығармаларын қазақ музы­ка­сының «Алтын қорына» кезінде орындап, тапсырған дәстүрлі күйші Өтеген Жұ­машевтің есімі батыс өңіріне көптен белгілі. Бүгінде сексеннің сеңгіріндегі ақ­сақал күйді алақанына салып, аялап жүрген кәдімгі бағбандай. Аталмыш кеш шымылдығын ашқан Өтеген аға алдымен күйлердің шығу тарихын әңгімелей отырып, өзі шығарған «Шаттық» пен Махам­беттің «Өкінішін» орындап берген сәт­терде көрермен қошеметінде шек болмады.

Дәстүрлі күйші Ешмат Усалимов  Қара­төбе ауданының Егіндікөл ауылынан осы кешке ат арытып, арнайы келіпті. Жасынан қара домбырасын серік етіп, еңбек еткен жері Егіндікөл ауылында мектептегі талантты оқушылардың басын құрап, оркестр шығарған екен. Қаратөбе өңірінде өмір сүрген Әжігерей күйшінің шәкірті 80-ге таяп қалса да, Қауеннің «Сәнау» күйін сахнада сыр бермей орындап шықты.

Домбыра жасаудың хас шебері, солақай күйші Едіге Нәбиев – күйдің қамын жеп жүрген асыл азаматтың бірі. «Үкілі домбыра» республикалық байқауында екі мәрте лауреат атанған азамат Дәулеткерей ба­бамыздың «Көркемханым», Әлікейдің «Қо­ңырала» күйлерін орындап, тыңдар­манын разы етті.

«Халықтар достығы» бүкіләлемдік кон­курсының лауреаты, күй және күйшілер туралы бірнеше ғылыми мақалалардың авторы, Құрманғазы атындағы саз кол­леджінің директоры Нұржан Сертеков сахнаға көтерілгенде зал сілтідей тына қалды. Боғданың «Қара жаяу» күйін кәсіби деңгейде орындаған оның шеберлігіне сөздің жақсы мағынасында «қызғансақ», осы кешті ұйымдастырушылардың бірі екендігін естігенімізде, тіптен сүйсіндік.

Әдемі кеште Оқап Қабиғожин атын­дағы күйшілер байқауының бас жүлдегері, Тасқала балалар саз мектебінің директоры Ермак Молдабеков Қазанқаптың «Кербез Ақжелең», республикалық «Ша­быт» фестивалінің дипломанты Дәурен Тәшпенов Баламайсанның «Қыз Ақже­леңін» нақышына келтіре орындады. Ал республикалық домбырашылар байқау­ы­ның дипломанты, Құрманғазы атындағы саз колледжінің 2-курс студенті Жасқайрат Мұқасов көрермен көзайымына айналды. Еспайдың «Бөгелек» күйін орындаудағы оның шеберлігіне тәнті болмағандар кемде-кем шығар. Белгілі публицист Тихон Әліпқали ағаның осы кештің соңындағы сөзімен айтсақ, «Бұл бала жылқының қас жауы бөгелектердің көкесін көзіне көрсе­тіп, быт-шытын шығарды…».

«Алтын жүрек домбырада» әнші-термешілер де өз өнерін аянып қалған жоқ. Зеленов ауданының Достық ауылынан келген сурет пәнінің мұғалімі Жасұлан Жанғазиев, халықаралық «Шабыт» фес­тивалінің дипломанты, Оралдағы №3 балалар саз мектебінің оқытушысы Фархат Оразов, Деркөл ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Тілек Базаров пен №42 «Ақниет» гимназиясының 4-сынып оқушы­сы Әділ Ахметов кештің шы­райын келтіріп, ән-жырдан шашу шашты.

Көрермен қошеметімен ортаға шыққан Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев пен Нұр­жан Сертеков «Айнам қалды», «Қош, аман бол, Ақбикеш!», «Соқыр Есжан» сықылды аңыз әңгімесі бар күйлерді кезекпен орындап, шөліркеген тыңдарманның тәбетін аша түскендей әсер етті. Әйткенмен, екі са­ғат­қа созылған кеш аяқталып та қалған еді.

«Алтын жүрек домбырада» өнер көр­сеткендерге аталмыш кештің бас демеушілері – облыстық мәдениет басқармасы мен «DANA.kaz» журналының басшы­лығы сый-сияпат ұсынды. Тегін концертке келген көрермендер де ескерусіз қалма­ды – тарихи, танымдық, тәрбиелік бағыт­тағы білім, ғылым, өнерді насихаттайтын «DANA.kaz» журналының жаңажылдық алғашқы нөмірі тәбәрік ретінде тегін таратылды.

 Шыны керек, күй өнерін дәріптеген осы кеште көпшілікті тәнті қылған бір жайтты айта кетпесек, әбестік болар. Әдетте тойдың жақсы өтуі асабаға байланысты десек, өнер кешінің сәтті өтуі – жүргізушіге де байланысты екені аксиома. Белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, ақын Дәулеткерей Құсайынов аталмыш кешті салмақты да салиқалы әңгімелермен әсерлі жүргізді.

Осы кешке ақын Жұмағалиев Қайрат ағамыз да қатысуға ниет танытқан екен. Сәл сырқатына байланысты келе алмапты. Бірақ ақын ағаның өтініші бойынша Дәулеткерей Атауұлы Құрманғазының «Арба соққан» күйін орындағанда, баба­мыздың «итжеккендегі» күндерін көз алдымызға елестеткендей болдық.

Облыстық әкімдікте білдей қызмет ат­қарып жүрген замандасымыз тек мемлекеттік қызметші емес, күйшілік өнерімен де танылды. Оның қолындағы қара домбыраны облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының өзі сыйға тартыпты. Күй өнерінің құдіретін түсінген жанға бұл да үлкен құрмет.  Бастама баянды болып, келешекте де жалғасын таба берсін дейміз.

Сырымбек ЖӘРДЕМҰЛЫ,
Нұртас САФУЛЛИН

Төреш МҰРАДЫМОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Әсіресе, «Соқыр Есжан» орындал­ғанда мен жай отыра алмадым. Ең­кілдетіп, жеріне жеткізе тартады екен. Өте риза болдық осы домбыра кешіне. Мен үшін сондай қымбат оқиға болды. Мұндай кеш бірінші рет болып отыр. Күйді әлі де насихаттау керек.

Алтай ЗЕЙНУЛЛИН, атбегі, эколог-ғалым:

– Халық өз өнерін, мәдениетін қас­терлейді. Менің ойымша, кештің уақыты ұзағыраққа  созылғанда, тіпті тамаша болар еді. Осындай шараның куәсі болғаныма толқып, қатты қуандым. Өнерпаздардың бәрі де көңілден шықты. Әсіресе, сексеннен асқан күй­ші Өтеген Жұмашев ағамыздың күй орындағанда бір мүдірместен, шебер ойнап шыққанына қайран қалып, қатты риза болдым.

Жалпы, кештің өтуіне ұйытқы болған «Дана» журналы – нағыз өзінің керекті уақытында жарыққа шығып отырған дүние. Қазақ еш уақытта надан бол­маған. Ұлан-ғайыр даланы тек қана найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады деу шындығында жеткілік­сіз. Ол үшін ақыл-парасат, жоғары рух ең бірінші орында тұрады. Ұлттық ән-күй, ұлттық өнер, мәдениет рухты көтереді. Рухы мықты адам еш нәрседен жеңілмейді. Рухты көтеру үшін құр сөзбен емес, осылайша ұлттық өнерді де, ұлттық технологияны да жан-жақты қолдауымыз қажет.

Айнабек БИСЕНҒАЛИЕВ, айтыс ақыны:

– Кешке тек үлкендер жағы ғана риза болып қойған жоқ. Орын жетіспегендіктен, түрегеп тұрып тамашалаған жастар да болды. Тыңдата алатын орындаушы болса, неге тамсанып тыңдамасқа, неге сүйсінбеске?! Көнеден келе жатқан күй деген ақсақал өнеріміз, әдемі әніміз «Алтын жүрек домбыраны» айшықтай түсті.

Рашид ШАҚУ, ҚР мәдениет қайраткері, сатирик ақын:

– Бұл жолы халықтың мол жина­луының басты себебі – күй өнерінің кешін көптен аңсап күткені деп білемін. Бұрын-соңды мұндай арнайы күй кеші өткен жоқ. Кештің бір ерекшелігі,  орындаушылар әрбір күйдің тарихына тоқталып отырды. Бұл – күйді тыңдарманына жақындату деген сөз. Екінші ерекшелігі, бұрын-соңды көп айтылмаған, халықтың құлағына әлі жетпеген жыр-термелер орындалды. Осындай кештер өткенде өнер тарландарын ортаға шақырып алып, олардың пікірін тыңдап, кештің уақытын созып алатынбыз. Ал мұнда пікірлер қысқа да нұсқа, телеэкран арқылы беріліп отырды. Бұл бір жақсы үрдіс болды. Осындай кештер болашақта да өтіп, халықтың құлағына жетіп жатса, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызы жоғарылай түсер еді. Кеш жүргізушісінің тарапынан да құнды пікірлер айтылды. Залда бос орын болмады, зиялы қауым көп қатысты. Мұның бәрі – ұлтымыздың өнеріне деген сағыныш. Қазіргі концерттерде күй болсын, домбырамен орындалатын ән-термені болсын қысқа, бір шоу ретінде ғана көрсетуге айналған едік. Ал мұнда олай емес. Сахна мен көрермен бір-бірімен жақын байланыста болды.

Газеты и сайты: 

Орал өңірі

Scroll to Top