Қалтасы қалың қандастардың болашағын болжай алмай, аяғының астындағысына әрісін көре алмағандығы қынжылтады. Әрине бәрі бірдей емес, бірақ көпшілігінің бүгінгі бейнесі солай боп тұр. Рухани қажетті дүниелерді өзіне, әй, өзіне емес-ау, ол оның қажеттілігін түсіне бермейді, оның бала-шағасы дұрыс тәрбие алсын деп ұсынсаң байыбына бармай бас тартады, бас тарпаса да уәде еткен уақытында алмайды. Өзі сонда болашағым үшін кәсіптің қамымен қолым тимей жатыр деп алдайды. Тіпті біреулері қаражат ауыспай жатыр деп сылтауратады. Сонда көз алдыңа боқты домалатып жинайтын қоңыз елестейді. Бүгінгі ішіп жегенің бүгін, одан қалса ертең қалатыны белгілі. Әр адамның уақыты өлшеулі, тіпті ұрпағыңа қажет дүниелерді ертең, арғы күні деп жүргенде өзің сол күнге жете алмасаң не істейсің? Бала тәрбиесіне мән бермеген талай байлар дүниеден өтісімен ұрпақтары қалған дүние-мүлікті иеленіп, басқара алмай, қаңғырып кеткендерді өмірде кездестіріп жүрміз. Осыдан-ақ өмірде ұрпағыңа бастысы материалдық емес, рухани байлық қалдыру қажет екендігі түсінікті.
Баласын тәрбиелеуге қажет құралды әр кешіктірген күн арқылы ұрпағының болашағына балта шауып жатқанын сезінбейді-ау. Дүние-мүліктің түбіне кім жеткен, өлген күні бәрі қалады, сенде ұмытыласың. Ал ұрпағың білімді, тәрбиелі, рухани бай болса ол сені еш уақытта өлтірмейді. Себебі жан байлығын бойына сіңірткен адамды ұрпағынан ұрпағына айтып, ісін үлгі етіп жалғастырады.
Ақбай Баржыұлы

