Құлпытас – шындықтың көзі

Құлпытастарды зерттеудің алтыншы себебі.

Отарлау саясатының кесірінен елге еңбегі сіңген, тарихта елеулі орны бар тұлғалардың аты аталмай, есімдері жадымыздан өшіріліп, жерленген жерін білмейтін хәлге жеткенбіз. Тәуелсіздігіміздің арқасында осы олқылықтың орны толуда. Елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың жерленген жерін қарайтып, басына кесене тұрғызу ісі жаңғыруда. Бірақ кей кезде істеріміздің арты дау-дамайға айналып, жікке бөлінеміз. Құлпытастарды жүйелі зерттеу – осы мәселенің оң шешілуіне сеп болары анық. Мысалы, әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлының тыңғылықты еңбегінің арқасында ұранға айналған батырымыз Дәуқара Қарақожаұлының құлпытасы тұңғыш рет оқылды. Дәуқара батыр 1687 жылы дүниеге келіп, 64 жасында 1751 жылы қайтыс болған. Бір атадан тарайтын Сырым батыр бабамыз жас та болса байбақтының ұранына айналған Дәуқара батырды көрсе, орда бұзар отыз жастың шамасында Науша батыр Сырым бабамызбен замандас болғаны анық. Осыған дейін көптеген зерттеуші қашан, қайда қайтыс болғаны белгісіз деп жүрген Науша Қаржауұлының жерленген жерін ақсақал Наурызбай Әбілхайыров көрсетті. Құлпытасы да сақталған. 1849 жылы 81 жасында қайтыс болған. Қос батырды Сырым бабымызбен салыстыруымның басты себебі, оқырманға бұл тұлғалардың қай кезеңде өмір сүргеніне назар аударсын дегенім. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы, бір атадан тараған ұрпақтың қай-қайсы да бірінен соң бірі ел үшін өлшеусіз еңбек сіңірген.

Дәуқара мен Науша батырды ұлықтап, кесене тұрғызам десеңіз – жатқан жері белгілі, құлпытасы сақталған. Әрине, бұндай іс елге қажет, ел болып көтеруіміз қажет. Бірақ арамызда осы батырлардың ұрпақтары бар, олар үшін ата-баба алдындағы борышын өтейтін керемет мүмкіндік. Ұлтжанды бірі бастаса, қалғанымыз қосшы болайық. Міне, құлпытасты зерттеудің көмегінің бір ұшы.

https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=pfbid02ynEEqn271dLAX5eJDxWC2yExLE7BwvYcryV3ybmpBFPyccXFgtZDyT9zaEGskhvLl&id=100001986662575

Scroll to Top