Құлпытасты зерттеудің бесінші себебі.
Ұрпақты отансүйгіштікке тәрбилеудің жолы. Әр қазақ үшін Қазақстан – Отан болса, сол Отанға сүйінспеншіліктің қайнары әр адамның өзінің және ата-бабасының туып өскен жерінен бастау алады деп есептеймін. Елінен жыраққа кеткен кез-келген есті адам туған жеріне табаны тигенде аунап, кеудесін кере ауамен терең тыныстап бойына қуат алатыны да осыдан. Самсаған құлпытас қазіргі қаланың да, ауылдардың да маңында кездесетінін ескерсек, тамырымыздың қайдан бастау алатындығы белгілі болады. Бүгін халықтың көбі, соның ішінде жастар қалада өмір сүреді. Бұл өмір заңдылығы. Бірақ қаланың қабатты үйлері нағыз отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға жеткіліксіз. Оның орнын толтырам десең, ата-бабаңның туып-өскен жерін біліп, суына шомылып, құмына аунап, ауасын жұтып бойыңа рух алуың қажет.