Қылышынан қан тамған Кеңес заманы Алаш ордашылардың ұраны болған “Ұран” газетінің тарихын бұрмалап, Ордадағы баспаханасы болған ғимаратқа «В этом доме летом 1918 года была открыта первая казахская советская типография» деп тақта орнатқан. “Ұран” газетінің тігінділерін тауып, арнайы жинақ етіп шығардық, деректі фильм түсірдік. Міне, бүгін жалған жазылған тақтаны ауыстырып, шынайы тарихымызды жазып қайта ілдік. Бұл тарихи шараға “Егемен Қазақстан” газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі, облыстық жəне аудандық газеттердің редакторлары арнайы келді.