102 жыл бұрын…

Тура осыдан 102 жыл бұрын, 1911 жылдың дәл осы күні яғни 16 наурызда Еліміздің тәуелсіздігін аңсап, бар күш-жігерін қазақтың сана-сезімін оятып, бірлікке, ынтымаққа шақырып, азаттықты алуға үндеген ұлтжанды азаматтардың бас біріктіруімен қазақ даласында тұңғыш рет тұрақты, әрі жүйелі,  отырықшылықты, білім мен ғылым, кәсіп үйренуді насихаттауды асыл мақсат еткен «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.

Қазақ даласында халықтың басын біріктіріп, насихат жүр­гізетін бірде-бір ақпарат құра­лы болмаған кезде тұңғыш газет­тің баспасөз тарихында, тіпті еліміздің жалпы тарихында алар орны ерекше. Газетті негізгі ұйымдастырушы, әрі шығарушылары – Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұй­­рин, Шәңгерей Бөкеев, Сейіт­қали Меңдешев, Ғабдол­ғазиз Мұсағалиев.

Әйткенмен, бұл басылым бүгін­гі күнге дейін терең зерттелген жоқ. Орынды тарихи бағасын да алмады. Тіпті Қазақстандағы бірде-бір мұражай, кітапханаларда түпнұсқасы түгілі, көшірмесі де сақталмаған. Әдейі жойып жіберген бе деген ойға қаласың. Бұған басты себеп 1947 жылы Қазақ­стан Коммунистік большевиктер партиясы Орталық Комитеті, Қазақ ССР Ғылым Академиясының «тіл және әдебиет институты» жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысымен Ғұмар Қарашев және Шәңгерей Бөкеев «революцияға дұшпан буржуа­зиялық-ұлтшылдық Алаш­орда партиясы қайраткерле­рінің бірі» деп көрсетіліп, мектеп оқулықтарынан алынып, болашақта зерттеуге, насихат­тауға тыйым салынуы. Сондық­тан «Қазақстан» газетінің та­ри­хи орнын, ағартушылық миссия­сын ашып айтуға ғалымдар батыл бара алмады. Ғалымдар газеттің Мәскеу мен Ленинград кітапханаларының сирек қорын­да сақталғанын білсе де елімізге алдырып, тарихи орнын айқын­дап, насихаттауға мүмкіншіліктері бол­мады.

«Қазақстан» қалай табылды?

Қазақ баспасөзінің тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алады. Сол кезеңдегі басылымдар қатарында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері де бар. «Орал өңірі» 1918 жылы 17 қарашада «Хабар» (Известия), 1919 жылы 1 қаңтардан «Қазақ дұрыстығы», 26 ақпаннан 10 шілдеге дейін «Дұрыстық жолы», кейін «Сахара таңы», 1920-1932 жылдары «Қызыл ту», 1932-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1957-1963 жылдары «Октябрь туы», 1963 жылдан бүгінге дейін қазіргі атауымен шығып келеді. «Орал өңірімен» еншілес «Приуралье» газетінің атауы да заман саясатына сәйкес өзгеріп отырды. Бүгінде аталмыш екі басылым «Жайық Пресс» ЖШС-ның меншігінде. Бұл газеттер еліміздегі ең байырғы басылымдар болып есептеледі.

Алайда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің тарихы толыққанды зерттелді деп айту қиын. Оның үстіне бастапқы нөмірлері сақталмаған. Егер осы газеттердегі материалдарды зер­делесе, жүз жыл бұрынғы тари­хымыздың беті ашыла түсері айқын. Қазір Алашорда мәселесі көп қозғала бастады, кейбір тарихшыларымыз зер салып, осы тақырыпта ізденіп, әр жердегі архив құжаттарын ақтарып, еңбектенуде. Бірақ ғасырға жуық тарихы бар газет елеусіз қа­лып, тарихшыларымызды аса қызықтыра қойған жоқ. Шын мә­нісінде, 1918 жылы Алашорда үкіметінің Кеңес өкіметін мойындауы, 1920-1922 жылдардағы аштық, 1925 жылғы «Кіші ақпан» төңкерісі, 1932-1933 жылғы аш­тық, 1937-1938 жылғы жаппай қуғын-сүргін, 1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыс сынды қазақтың басына қара бұлт үйірген сұрапыл кезеңдер туралы осы газеттерден де тарихи маңызды, құнды деректер табылып қалуы әбден мүмкін.

Биыл – облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейлі жылы. Осыған орай ғасырға жуық ғұмыры бар басылымның тарихынан сыр шертетін музей ашсақ деген игі мақсатымыз бар еді. Сондықтан өз газетімізді өзіміз зерттеп, тігінділерін түгендеп, ең алғашқы нөмірлерінен бастап ұйымдастырған, шығарған тұлғаларды іздестіруді жоспар­ладық. Бұл ретте «Орал өңірі» газетінің елу жылдық мерекелік нөміріндегі сол кезде Мәскеу қаласында тұрған Тамимдар Сафиевтің мақаласы (1968 жыл­ғы 17 қараша) ерекше назар аудартты. Мақалада газеттің тарихына қатысты көптеген құнды деректер келтіріледі, соның ішінде бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шыға­ру мәселесі талқыланғандығы, көп­шіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгергертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Газет жұмысында редакция алқасы – ең негізгі орган болып есептелетіндіктен, алқа мүше­лерінің бұрын қайда, кім болып қызмет еткендігін айқындау басты мәселе болды. Алқада мүше болған бесеудің екеуі, яғни Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» атауымен газет шығарушылар қатарында болған екен. Сондықтан істі «Қазақстан» газетінен бастауды жөн көрдім.

Біздің өңірде 1911-1913 жылдар аралығында «Қазақстан» деген атаумен газет шыққанды­ғын естісем де, зер салмаған едім. Сол себепті осыған дейінгі зерт­теушілердің материалдарымен таныстым. 1962 жылы зерттеуші ғалым М.Ысмағұлов аталмыш газет туралы деректер негізінде «Қазақстан» газетінің шығу тарихы және оның идеялық мазмұны» атты көлемді мақаласын жария­лапты. Қазақ баспасөз тарихын зерттеуші Қ.Бекхожин: «Газеттің «Қазақстан» деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялы республика орнату идеясын аңғартады», – деп түйіндеген. Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қарашты зерттеп, еңбегін кітап етіп шығарған Мақсат Тәжімұратов: «Бұл екі тұлға – газетті тікелей шығарушылар» деген ой айтады. Еңбектерінің ішінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған М.Ысмағұловтың жазбаларына сілтеме жасайды. Содан Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрдық. Мұражай директоры Әбіл Жоламанов ыждағат­тап көмек етіп, М.Ысмағұловтың «Қазақстан» газетіне қатысты бірнеше папка еңбектерін тауып берді. Мүмкіндігінше тиянақты зерттеген, араб әрпімен жазылған мақалаларды кириллицаға аударып зерделеген.

«Қазақстан» газетінің тарихы мен мазмұнын, бағыт-бағдарын айқын білу үшін бірінші кезекте газеттің өзімен толық таныс болуың керек. Газетті іздедім. Мемлекеттік кітап палатасында он алты нөмірінің көшірмесі бар дегенді естіп, сонда бардым. Кітап палатасы қызметкерлерінің бар тауып көрсеткені газет кө­шір­месінің сапасыздау төрт-ақ нөмірі болды. Бөкей ордасы ау­да­нынан шыққан қоғам қайрат­кері Ермекқали Нығметов сол мекемеде 1956-1971 жылдары директор болып қызмет еткенде алдырыпты. Кейін біраз нөмірі жоғалып, ұрланып кетсе ке­рек, қалғанының фотокөшірмесін алдым. Еліміздегі кітапханалар мен мұражайларға қанша сұрау сал­са­м да, оң жауап келмеді.

Зерттеушілердің бірі «газеттің 16 нөмірі шықты» десе, бірі «18 нөмірі шықты» деген уәж айтады. Барлық нөмірін толық өз елімізден таба алмағандықтан, Ресейдегі кітапханаларға сұрау салдым. «Бізде «Қазақстан» газеті бар» деген қуанышты хабар келді. Бірі Петербордағы М.Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасынан, екіншісі Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан. Келіссөз жүргізіп, қажетті қаражатын төледік. Электронды көшірмелерін жіберді, бірінде жоғы екіншісінде болып, әйтеуір он алты нөмірін жинап алдық. Газеттегі материалдың дені араб әрпімен қазақ тілінде жазылған. Кириллица әрпімен орыс тілінде де жарияланған мақалалар бар. Форматы А3 көлемінде, бастапқыда 6 бет, содан кейін 8 бет болған. Ресми редакторы Елеусін Бұйрин. Қазақ тіліндегі жүгі ауыр, салмақты мақалаларды Ғұмар Қараш жазған. Едәуір материалдарын өзінің бүркеме аттарымен берген. Газетті шығаруда Ғұмар Қараштың еңбегі зор екендігі байқалады.

Араб әрпінен – кириллицаға

Газеттің көшірмесін таптық, енді араб әрпінен кириллицаға аудару басты мәселе болды. Осы кезде кәсіби журналист, өз ісінің маманы, «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі Қазбек Құт­тымұратұлы мүмкіндігінше ау­даруға дайын екендігін айтты. Іске кірісті. Алғашқы нөмірін аударды. Оқып, таңғалдым. Ба­сылым болашақты болжаған, газеттің маңыздылығын айтып, ел болуға үндеген. Мақалаларды жазушылар білімді, дүние танымы өте кең, ортаға салған ойлары таңдай қақтырады. Осы­лайша он алты нөмірі аударылды. Әр нөмірді оқыған сайын толқисың, бабаларымыздың аса қиын жағдайда жанкештілікпен осы газетті шығарғанына риза боласың, бірақ жүз жыл уақыт өтсе де, тәуелсіздігімізді алға­нымызға жиырма жыл болса да, газетті шығарушылар мен басылымның өзі тарихи бағасын алмағанына қынжыласың.

Бір жағынан, патша өкіметі­нің генерал-губернатор, ояздары төбені ойып, екінші жағынан, сұлтан, төре, бай, болыстар тепсініп, молда-ишандар діни ағарту ісімен айналысып отырған кезде газеттің алғаш нөмірінен-ақ «…Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет, сол себепті газет – біздің басшымыз, газет – біздің достар алдында көркіміз. Дұшпандарға қарсы құралымыз, газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз, газет – біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам шырағымыз» деп жар салуы өте батыл қадам еді. Газеттің әр нөмірінің басында «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым өнер турасында» деп барар жолын, ұстанар бағытын айқын көрсеткен. Газеттің оқырманы, әрі мақала авторы басылымның маңызына қатысты былай дейді: «…Халық жалпағынан қалың ұйқыға кіріп еді. Қазақ үшін асылы таң атпай, күн шақпай, бұ халық ғұмыр бақи ұйықтап қалады деп қауіп етпегенменен де, осындай тез заманда оянады деп ойлаған кісі аз еді. «Қазақстан» газетінің дүнияға шыққаны – бірер кісінің ұйқыдан тұрып, жақын жердегі көршілерін тұр-тұрлап ұйқыдан оятқаны. Бұ газетті алушы болса – сол көршілерінің біреуінің оянғаны…».

Ел басына күн туған қиын-қыстау мезгілде «Қазақстан» газеті қазақ үшін алғаш жағылған шырақтай болды. Халықты білім алуға, кәсіппен айналысуға, бірлікке, ынтымаққа, отырықшы ел болуға шақырып, жаңа кәсіп түрлерін игеруге үндеді. Ол заманның аумалы-төкпелі кезеңі еді. Себебі қазақ сол кезге дейін көшпелі өмір салтымен күн кешсе, енді отырықшылыққа көшу қажет болды. Халық абдырады. Бірі бұрынғыны аңсаса, бірі не болғанын тіпті түсінбеді, енді бірі бағыт-бағдарды қайдан алам деп айналасына қарады. Осы сәтте заманды дәл болжап, ел болашағына дұрыс жөн сілтеген – «Қазақстан» газеті. Зиялы, оқығандар қуанды, бірі ақылшы деп қабылдап, жазылғанды пайдасына жаратты.

«Қазақстан» газеті еліміз да­му жағынан көрші мемлекеттерден кем дегенде екі жүз жылдай артқа қалып қойғанын айтып, тұтас ел ретінде сақталуымыз үшін халықты білім мен ғылым игеріп, кәсіп етуге шақырды.

«Қазақстан» газетінің маңыздылығы

Газеттің маңыздылығын бола­шақта тарихшылар мен ғалымдар айта жатар. Мен үшін оқырман ретінде аса назар аударарлық мына тұстарын маңызды деп санаймын.

1. Қазақ зиялылары өздері қолға алып, 2,5 жылдай уақыт барынша жүйелі шығып тұрған, мерзімді басылым ретінде толық қалыптасқан, өз баспаханасы болған алғашқы ұлт газеті.

2. Газет атауы «Қазақстан» болуы – басылымды шығару­шылардың қазақ халқын дер­бес ел, ерікті мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат тұтқанын көрсетеді. Патшалы Ресейдің отарлық езгісінде «қазақ» атауы айтылмай, «киргиз, киргиз-кайсак» деп бұр­маланған ұлттың озық ойлы азаматтары осыдан жүз жыл бұрын «Қазақстан» деген атауды тарих сахнасына алғаш рет ресми жария етті.

3. «Қазақстан» газеті сол ке­зеңдегі өте прогрессивті идея­ларды көтерген, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, оты­­рықшылыққа шақырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мә­се­лелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.

4. «Қазақстан» газеті Қазақ­станның бір ғана батыс өңірі­нің мәселелерімен шектелмей, күллі қазақ жұртының түйткілді түйіндерін тап басып танып, тұтас қазаққа ортақ жәйттерді көтерді. Газет редакциясына хат жазған авторлардың әр өңірден болуы, басылым­ды қаржылай қолдаған демеу­ші­лердің де әр қиырдан шығуы «Қазақстан» газетінің сол кездегі қазақ жұртының ортақ басылымы болғанын көрсетеді.

5. «Қазақстан» газетінің бас­тауында тұрған Ғұмар Қара­шев, Елеусін Бұйрин, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев, Ғабдол­ғазиз Мұсағалиев т.б. алаш арыстары – күллі қазақ мойын­даған ағартушы тұлғалар болатын. Олардың «Қазақстан» газетін шығарудағы қажыр-қайратынан бөлек ұлты үшін еткен еңбегі де жетерлік.

7. «Қазақстан» газетін, оның шығарушыларының ұстанған ағартушылық идеясын, олар­дың өз халқын әлемнің озық елдерінің қатарына қосуға тырысқан жанқиярлық еңбе­гін бүгінгі ұрпаққа насихаттау – тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бүгінгі мемлекеттік идеологиясымен тікелей үндесіп жатыр.

1911 жылғы 16 наурыз­дағы «Қазақстан» газеті

«Қазақстан» газетінің 1911 жылғы 16 наурыздағы №1 және 27 мамырдағы №2 нөмірлері Көл­борсыдағы Шәңгерей Бөкеев­тің күтірінде орналасқан редакцияда дайындалып, Астрахан қаласындағы Апресянц және Окур баспаханасынан шығарыл­ған. Ал 1911 жылдың 15 қараша­сынан газет қайтадан бірінші нөмірден бастап Щелкова баспаханасынан, 1912 жылдың 4 ақ­­панынан Орал қаласындағы га­зеттің өз баспаханасынан шы­ға­рылды.

Газетті шығарушылар бұл газеттерден ешқандай материал­дық пайда көрмеген. Керісінше өздеріндегі бар қаражаттарын осы газеттің қажеттілігіне жұм­саған. Тіпті газетті шығаруға қа­жетті қаражатты іздеп ел қаң­ғырған да осы Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин. Ғұмар Қараш «Баку» атты мақаласында «Былтыр 1911 жыл зауза жұлдызының бас кезінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп адам ету қайғы­сында, адамдар арасында естіген бір қаулы бойынша – Алла деп аттанып Баку қаласындағы қажы Зейнелғабиден Тағиевті іздеп елден екеу шықтық. Еріккен екі тентек елден шығып кетті» деушілер көп болса да, шын тән көңілдерінен «хайырлы сафарлары болып жеңіл барып ауыр қайтқай» деп дұға етуші хайыр хуатларымыз болуында білетін едік. Ақ ниетіміз құрметіне Алла тілегімізді оңғарып, барған қажы­мыз хош алды, «Қазақстан­ға» мың сом жәрдем берді, аталық сипатына ағып шыққан сөздерін айтты. Амандасып айрылар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес милләттікі» деген сөзін айтып көзіне жас алды. Жай-күйімізді түсіндіру турасында мәшһүр Ғали Мардан бек Топшыбасовтың жәрдемі тиді. Құдай тағала ғұмырларын ұзақ етіп, осындай адамдарымызды көбейтсін» деп жазды.

Жалақысын төлемесе, қызмет етпейтін заманда бұл жағдай елге адал еңбек етудің үлгісі. Ел үшін, жер үшін, ұрпақ үшін дегенде қалай қызмет етудің көрінісі.

Осындай бейбіт заманда ұр­пақты ұлттық рухта, отансүйгіш етіп тәрбиелеу үшін елімізге ерен еңбегі сіңген осындай ата-бабаларымыздың іс-әрекетін насихаттау – біздің парызымыз.

Жақында мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Астанада бұқа­ралық ақпарат құралдары­ның өкіл­дерімен кездесу барысында ұлттық тарихты тереңірек зерттеу туралы Елбасы­ның тапсырмасы барын еске салып, осыған байланысты «Мәдени мұра» бағ­дарламасын жалғастыруды және алыс-жақын шетелдердің ар­хивтеріне қазақ тарихына қа­тысты материалдарды іздеу үшін ғалымдар тобын жіберуді ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Біздің атқарған ісіміз мемлекеттік саясатпен үндесіп жатқанына қуанып, осындай елеулі күнде 1911 жылы 16 нау­рыздағы «Қазақстан» газе­тінің алғашқы нөмірін толық күйінде оқыр­манға ұсынып отырмыз.

102 жыл бұрын шыққан газеттің толық нұсқасын 10-13 беттерден оқи аласыздар.

Scroll to Top