11 желтоқсан, сәрсенбі күні Астана қаласында, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында БҚО әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Қазақстан» 1911-1913» атты кітаптың тұсаукесері өткендігін хабарлаған болатынбыз. Мемлекетіміздің ең ұлық мерекесі қарсаңында Елордада өткен осы шара жайлы кеңейтілген мақаланы оқырманға ұсынамыз.
«Қазақстан» 1911-1913» кітабының тұсаукесеріне жазушы Табыл Құлияс ағамыз, алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Назарбаев орталығы» ММ Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселелері және даму институтының бастығы Ерлан Сайлаубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Самиғолла Оразов пен Шафхат Өтемісов, ҚР Президент әкімшілігінің қызметкері, зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ, осы университеттің тарихшы ғалымдары Жамбыл Артықбаев, профессор Перизат Бәйтешқызы, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы Сүлеймен Мәмет, «Хабар» телеарнасының Ақпараттық және сараптамалық хабарлар бас редакциясының директоры Зейін Әліпбек, «Астана ақшамы» газетінің басшысы Талғат Батырханов, «Қазақстан» ТРК Интернет жобалар бөлімінің жетекшісі Мейрамхан Жәпек, Астана қаласы әкімінің «Astana.kz» сайтының бас редакторы Таңатар Төлеуғалиев, тағы басқалар қатысты.
– Бұл кітаптың таныстырылымын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткізуіміздің мәні бар. Еліміздің тәуелсіздік алуына «Қазақстан» газетінің де үлесі бар десек, артық айтқан болмаймыз. ХХ ғасырдың басында жарық көріп, қазақты өз алдына тәуелсіз ел болуға үндеген, білім мен ғылымға, өнер мен кәсіп үйренуге шақырған «Қазақстан» газеті патша үкіметі тарапынан қысымға алынып жабылса, кеңес үкіметі кезінде де репрессияға ұшырап, архивке көмілді. Тек тәуелсіздіктің арқасында ғана арада 100 жылдан аса уақыт өткенде «Қазақстан» газеті өз еліне, тәуелсіз Қазақстанға оралып отыр! – деп бастады дөңгелек үстел мәжілісі түрінде өткен шараны ашқан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
ҚР Парламенті депутаттары, тарихшы ғалымдар, жазушылар мен БАҚ өкілдері жиналған тұсаукесер рәсімі «Қазақстан» газеті туралы деректі фильмді тамашалаудан басталды. Жиналған қауым фильмнен ерекше әсер алып, ықыластана қол соқты. Жиында алғаш болып сөз алған жазушы, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар ағамыз бүгінгі шараның ерекше екенін атап айтты:
– Біздің кітапхана Астанадағы үлкен руханият орталығы саналады. Мұнда біз мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты құбылыс болып жатқан шығармаларды таныстырып отырамыз. Бірақ осы тұсаукесерлердің ішінде ел жақтан келгендер сирек, тіпті осы бірінші шығар. Сонау Оралдан келіп, осындай шара жасап жатқандарыңызға рақмет, құтты болсын! Сіздердің бұл жасаған шаруаларыңыз – қазақтың тарихын жинаудағы бір әдемі қадам деп есептеймін. Ертеңнен бастап ел-жұрт «Қазақстан» газетін білетін болады. Біз бұл кітапты электронды кітапханаға да енгізіп, бүкіл әлем жұртшылығының игілігіне ұсынамыз, – деді Әлібек Асылбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас директоры Ахмет Аляз «Қазақстан» 1911-1913» кітабының шығуы – Тәуелсіздіктің жемісі екендігін айтты.
– Мен әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде қазақ баспасөзі тарихына қатысты осындай деректер табу қиын еді. Естуімше, «Қазақстан» газетінде Түркия туралы, түбі бір түркі халықтары жайлы дерек көп екен. Кітаппен танысып, оқып шыққан соң бір мақала жазуға уәде беремін. Қазақ-түрік байланыстарын зерттеп жүрген ғалымдар үшін де бұл кітап баға жетпес қазына болды, – дейді халықаралық БАҚ басшысы.
«Назарбаев орталығы» ММ Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселелері және даму институтының бастығы Ерлан Ерназарұлы «Қазақстан» газеті туралы толық ақпарат берсе, ҚР Парламенті депутаты Шафхат Өтемісов “Қазақстан” газетінің тарихта алар ерекше орнын атап өтіп, осындай игі істер арқылы жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу қажеттігіне тоқталды. ҚР Парламенті депутаты Самиғолла Оразов ағартушы, ақын Ғұмар Қараштың жерлесі екендігіне мақтанатынын айтты. Самиғолла Хамзаұлы кезінде Ғұмардың Көлборсыдағы зираты басына шағын ескерткіш орнатуды ұйымдастырған екен. Келер жылы ақынның туғанына 140 жыл болатынын айтқан халық қалаулысы сол датаны өз дәрежесінде өткізу керектігін ескертті.
Филология ғылымдарының кандидаты, баспасөз тарихын зерттеуші ғалым Қайрат Сақ та жаңадан жарық көріп отырған жинақтың құндылығына тоқталды. «Қазақстан» газетінің қазақ баспасөзі тарихында ұлт зиялыларының өз күшімен жүйелі түрде шығарған тұңғыш газеті екендігін айтқан Қайрат Өмірбайұлы жинақта «Қазақстан» газетінің факсимилиясы, яғни түпнұсқасы қоса жарияланғаны зерттеушілер үшін өте құнды болғанын жеткізді. Жалпы, осы жинақтың шыққанына ең қуанған – зерттеушілер, ғалымдар екенін айту ләзім. Шынында да, осы кезге дейін Мәскеу мен Санкт-Петербург архивтерінде ғана сақталған, әркімнің қолы жете бермейтін құнды дерек, қымбат қазына елімізге, Тәуелсіз Қазақстанға қайта оралды. Бұған қалай қуанбасқа!
Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Қазақстан» газетінің 1913 жылы тоқтауы сол кезде «Қазақ» газетінің шыға бастауымен байланысты болуы да мүмкін ғой деген ой тастады. Шынында да, етек-жеңі жиналмай далиып жатқан қазақ даласының сол кездегі зиялылары жұдырықтай жұмылып, ұлт үнін тарататын үнқағаз шығаруға бір кісідей кіріскені рас.
Профессор Перизат Сейітқазы бұл кітаптың еліміздегі барлық ЖОО-лар кітапханасында болуы тиіс бағалы еңбек екендігін айтады. Ал «Қазақстан» ТРК Интернет жобалар бөлімінің жетекшісі Мейрамхан Жәпек осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеу мен Санкт-Петербург кітапханаларын аралап жүріп «Шіркін, осы «Қазақстан» газеті қашан кітап болып жарық көрер екен?» деп армандапты.
– «Қазақстан» газетінде Мұстақым Малдыбаев есімді қарағандылық азамат қазақтың тән саулығы, денсаулықты күту туралы бірнеше мақала жазған екен. «Күтін, күтінбесең аузыңнан шығар түтін» деген мақаласы бар. Одан бөлек, «Қазақ дұрыстығы» газетінен Елеусін Бұйриннің өте еңбекқор-лығы туралы, өз шығармаларынан жинақ әзірлегені жайлы мәлімет көзіме түсті. Сондықтан қазақ баспасөзінің қарлығаштары саналатын сол кезең басылымдарында бізге әлі белгісіз мол ақпарат жатыр, олар зерттелуі, ғылыми айналымға енуі тиіс, – дейді Мейрамхан Сағынқызы.
Аласапыран жылдарда қазақ зиялыларының мың сан қиындықпен арпалыса жүріп шығарған «Қазақстан» газеті, міне, араға ғасыр салып өз ұлтына, ұрпағына жетіп отыр. Сарғайған газеттің әр бетіндегі асыл сөз күні бүгін де қасиетті, қазіргі таңда да өте өзекті. «Ұлтшылдық» деген ұлы сезімнен өлердей қорыққан КСРО кезінде қапасқа қамалған мұраның шаңын Ұлы мәртебелі Тәуелсіздік тазартты. Оқырманын қайта тапқан «Қазақстаның» құтты болсын, Тәуелсіз Қазақстан!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Орал өңірі» газеті,
Орал-Астана-Орал